Жаңалықтар
151 адам биіктен секірген: Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар ма?

Елшілік қаладағы қазақстандықтарды сабыр сақтауға, барынша сақтық танытуға және жергілікті биліктің барлық нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырды.
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтар жоқ, деп хабарлайды qandastar.kz Skifnews-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Сәуірдің 23-і күні Ыстамбұлда 6,2 балдық жер сілкінісі болды. Қазір афтершоктар жалғасуда.
«Қазіргі уақытта Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарынан Ыстанбұлдағы бас консулдыққа ешқандай өтініш түскен жоқ. Министрлік жағдайды Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесе қадағалап отыр», – деп хабарлады министрлік.
Ыстанбұлдағы Қазақстанның бас консулдығының консулдық есебінде 1 137 Қазақстан Республикасының азаматы тіркелген.
Елшілік қаладағы қазақстандықтарды сабыр сақтауға, барынша сақтық танытуға және жергілікті биліктің барлық нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырды.
Айта кетейік, Ыстамбулда жер сілкінісі кезінде қорыққаннан биіктен секірген 151 адам жарақат алған.
“Қорқып биіктен секірген 151 адам жарақат алды. Олар ауруханада ем алып жатыр. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ», – деп хабарлады Ыстанбұл әкімшілігі.
Түркия парламентінің төрағасы жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді.
“Ыстамбул мен айналасында сезілген қатты жер сілкінісімен бітпе-бет келдік. Бұл жер сілкінісін ешқандай зардапсыз өткереміз деп үміттенеміз. Алайда Ыстамбулда болжанған ауыр жер сілкінісі кез келген уақытта болуы ықтимал. Сондықтан жан-жақты дайын болуымыз керек”, – деді Нуман Куртулмуш.