Жаңалықтар

«2,5 мың теңге тұратын тариф қазір 6,5 мың тұрады»: Ұялы байланыс операторларына айыппұл салынды

Фото: vlast.kz

Шымкентте 147 жерде ұялы байланыстың нашарлауы тіркелді. Сол себепті байланыс операторларына айыппұл салынды. Қазір қаражатты өтеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды qandastar.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Соңғы 7 айда байланыс операторларына 44 млн теңге айыппұл салынды. Қазір қаражатты өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Шымкентте орнатылған 1600 базалық станцияның 147-сінде байланыс сапасына қатысты проблемалар анықталған. Бұл туралы цифрландыру басқармасында айтылды.

«Ең көп айыппұл 22 млн теңге Kcell-ге салынды, ал Beeline және Tele2 әрқайсысына 11 миллион теңгеден айыппұл салынды», – деді цифрландыру бөлімінің басшысы Мұхит Кемелов. Дегенмен қала тұрғындары интернеттің әлі де дұрыс істемейтінін айтады. Бұған қоса соңғы бір жылда тарифтердің құны бірнеше есеге өскен.

«2,5 мың теңге тұратын тариф қазір 6,5 мың тұрады. Олар біздің келісімімізсіз қосады», «Маған ұнайды, жақсы ұстайды», «Дұрыс жұмыс істемейді. Интернетке кіру қиын», «Байланыс нашар. Бұрын 2900 теңге төлейтінбіз, қазір 5900 теңге төлеп жатырмыз», – дейді шымкенттіктер. Өткен жылы алдын ала ескертусіз байланыс құнының көтерілу фактісі орын алған. Мамандар азаматтардың арыз-шағымы негізінде операторларға ескертулер берілгенін айтады. «Операторлар құны өскенге дейін бір ай бұрын ескертуі керек. Тек содан кейін ғана бағасын көтере алады. Құзырлы бөлім былтырғы іс бойынша жұмыс істеп жатыр. Тариф құны шарт талаптарына сай болуы керек», – деп түсіндірді Мұхит Кемелов.

Айта кету керек, биыл Шымкентте 20 елді мекенге талшықты-оптикалық желіні тарту жоспарлануда. Нәтижесінде 210 мың тұрғын сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close