Жаңалықтар
2 млн тал еккен 85 жастағы ата: Тал егу акция, челленджде ғана тренд

Фото авторы: Нұрболат Нұржаубай
Қызылордалық 84 жастағы Бектай ақсақал тал отырғызуға 12 жасынан дағдыланған. Қария бүгінге дейін 2 млн түп ағаш еккен. Сырбойылық тұрғындар «Бектай ата» деп атайтын маман қазір де жеке тұқымбағында өнімді тірлік істеп жүр. «Топырағы тұзды Қызылордада ағаш ексең, өледі» деген ұғымды жоққа шығарып, мұны жалқаудың сөзіне балайды. Себебі қазір өзі баптап отырған бақта талдың 20 түрін өсірген. Мұнда өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі бар, тіпті, жасыл аршаның өзі жайқалып тұр.
Адам айтса сенгісіз, бірақ бағбанның бағына келіп тұрған су жоқ. Ол мұндағы жайқалып тұрған ағаштардың барлығын насос қондырғысымен-ақ суарып отыр.
– Қаланың сырт жағында 1990 жылдан бері тұрамыз. Жалпы 25 гектар жердің 5 гектарын баққа арнадым. Басында қиын болды. Қызылордада өсіп тұрған ағаштардың 60 пайызын мен өсірдім. Түрлі ағаш тұқымын егеміз. Теректің бірнеше түрі, арша, жергілікті қарағай бар. Барлығын қосқанда 20-дан астам түрі бар. Ынта мен еңбек болса, барлығы өседі. Мысалға, арша бұрын өспейтін. Мен осы жерге келгелі бірнеше жыл болды, аршаны өсірдім. Қарағай өспейді деген, қазір қарағай жайқалып тұр.
Ең жақсы көретін ағашым – арша. Сондықтан алқаптың тең жартысы аршаға тиесілі. Бір жағынан арша – фармацевт. Одан бөлінетін фитоноцидтер денсаулыққа ем. Көп деректерді ақтардым. Сонда оқығаным, арша жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Міне, бұл ағаштың осындай қасиеті бар, – дейді ақсақал.
Бұған қоса Бектай ақсақал бұған дейін өз ауласымен шектеліп қоймай, аймақты көркейтуге үлес қосқан. Тұңғыш Президент саябағымен қатар әуежайға апарар жолдың қос қапталын жайқалту жауапкершілігі Бектай Сүлейменовке артылған.
«Шаһар маңындағы Махамбетов ауылына бара жатқан жолда канал бар. Әуежай мен екі аралықты жалғайды. Қайбір жылы аймақ басшысының өтінішіне сәйкес, аталған каналдың жағалай қос қапталына 3 қатар ағаш отырғыздым. Ұзындығы – 11 шақырым. Қос қапталдағы 3 қатарды есепке алсаңыз, 66 шақырым. Бейнеттің нәтижесінде сол көшеттер қазір саялы баққа айналды, – дейді бағбан.
Маман әңгіме барысында экология мен денсаулық сақтау саласына қатысты ұсынысын жеткізді. Әсіресе, тал отырғызу ауа тазалығын ғана қамтамасыз етпейді, туберкулезбен күреске де пайдасы зор.
– Негізі бұл ұсынысты көтергеніме бірнеше жыл болды. Бізде облыстық туберкулезге қарсы диспансер бар. Соның аумағына қарағай ағашын өсірсе деп едім. Неге десеңіз, қарағай туберкулез дертіне бірден-бір ем. Одан бөлінетін оттегі адам денсаулығына жақсы әсер етеді, – деді Бектай ата.
Ерте жастан тал егуді мұрат тұтқан ақсақал қалада көшет отырғызу мәдениеті қалыптаспағанын да айтып қалды. Расында, Қызылордада ғана емес, ағаш егу мәдениеті қалыптасса, жасыл желекке оранар едік. Бектай ата айтпақшы, «бізге тек акция, челлендж болса болғаны». Республика көлемінде жауапты мамандар тым науқаншыл. Тек наурыз мерекесінде көшет егеді де, оның күтіп-баптау міндетіне назар аудармайды. Оған қоса тал екпес бұрын тәжірибелі мамандар пікіріне сүйену, суару жүйесі секілді мәселеге айтарлықтай көңіл бөлініп отырған жоқ.
Мөлдір СНАДИН