Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
26 ел Украинаға әскер жіберуі мүмкін

Парижде өткен «ниет білдірушілер коалициясы» саммитінде 26 мемлекет соғыстан кейін Украинаға әскери контингент орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Жиынға Украина президенті Владимир Зеленский мен Франция президенті Эммануэль Макрон қатысты, деп хабарлайды Qandastar.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Франция басшысы әскерлер қақтығыс аймақтарына емес, алдын ала анықталған географиялық аумақтарға жіберілетінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қадам «Ресейге қарсы соғыс жүргізуді» мақсат етпейді, керісінше бітім орнағаннан кейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Контингенттің нақты саны кейін анықталады.
Зеленский бұл шешімді «жеңіс» деп бағалап, қауіпсіздік кепілдіктеріне Украина армиясын күшейту, қару-жарақ өндірісін арттыру және ұзақ мерзімді әскери дайындықты сақтау кіретінін жеткізді.
Макрон Германия мен Италияның коалицияға қосылғанын растады. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украинаға алыс қашықтықтағы зымырандар жеткізуге қатысты бастамаларды қолдады.
АҚШ-тың рөлі әлі нақтыланбаған. Зеленский Вашингтоннан «нақты үлесті» күтіп отырғанын айтты. Екі тараптың мәліметінше, жақында президент Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуде Украинаға әуе қорғанысы жүйелері мен Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар талқыланған.