Жаңалықтар
6 жасар баланы ұрған ер адам тағылған айыпты мойындаудан бас тартты

Желіде тараған видеодағы ер адам – Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Александр Белянов. Ол оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Қазіргі таңда ер адам 6 жастағы баланы ұрды деп айыпталып отыр. Баланың анасы полицияға шағым түсірді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Александр Белянов мейрамханадағы ойын бөлмесінде түсірілген видеоның толық нұсқасын ұсынды. Ол мейрамханада өзінің 5 жастағы ұлымен бірге болғанын растады.
«Екі бала бөлме ішіне шашылып жатқан заттарды, яғни шарлар мен ағаштан жасалған текшелерді бір-біріне лақтыра бастады. Бұл заттар жан-жаққа бейберекет ұшып жатты. Мен оларға мұның қауіпті екенін, бір-бірінтиіп кетуі мүмкін екенін ескерттім. Олар тыңдамады, ары қарай жалғастыра берді», — деді Александр Белянов.
Оның айтуынша, балалар лақтырып ойнап жүрген заттардың бірі оның ұлына тиген.
«Бір сәтте балалардың бірі менің ұлым тұрған жердегі қораптан шарларды ала бастады. Екіншісі сол балаға шар лақтырғанда, ол менің ұлымның құлағына тиді. Баланың басына қандай күшпен тигенін ойыншықтың кері қарай ыршығанынан-ақ байқауға болады. Әдетте жыламайтын ұлым бұл жолы құлағын ұстап жылады. Сүріне-жығыла маған келді. Мен оны құшақтап, сүйіп, балалардың әдейі істемегенін түсіндірдім. Кейіннен балалар ескертуді құлағына да ілмегенін, олар ата-аналарының қарауынсыз жүргенін көріп, ұлымды олардан қашық ұстадым. Баламның қайта жарақат алмасын деп тырыстым», — деп түсіндірді ол.
Белянов тек ұлын ары-бері ұшып жатқан ойыншықтардан қорғамақ болғанын айтты.
«Себебі бұл заттар ретсіз ұшып, ұлым жаққа қарай түсіп жатты. Маған жанында тұрған баланы сәл шетке итеруге тура келді. Сол сәтте шариктер тұрған қораптан бала шар алмақ болғанда, мен ештеңені тартып алған жоқпын, ешкімге дауыс көтермедім, сабырмен түсіндіріп, шар тұрған басқа жердегі қорапты көрсеттім. Олар сол жаққа барып, шарлар мен текшелермен ойнады. Толық видеода менің әрекетімнің барлығы тек баламды қорғау мақсатында болғаны анық көрінеді», — деді ер адам.