Жаңалықтар

Өткен жылғы Жолдаудың өзегі & Ел президенттен тағы қандай бастамалар күтіп отыр?

Фото: ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен бастап демократиялық, Әділетті Қазақстан құру идеясын алға тартқан болатын. Шын мәнінде Әділетті Қазақстан бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан таптаурын идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Бұл мәселеде Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларының маңызы ерекше. Өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында Президент халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен шараларды тарқатқан, qandastar.kz солардың бірқатарына шолу жасауды жөн таптық.

 

Экономикадағы оң қадам немесе мемлекеттік сатып алу жаңа жүйеге көшпек

Мемлекет басшысы бұл Жолдауда экономиканың дамуына мүмкіндік беретін бірқатар маңызды мәселені көтерді. Соның бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгеріс енгізу. Президент бұған қатысты бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізіп, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімін жеңілдететін жаңа заң дайындалып жатқанын атап өтті. Айта кетейік, бұл бастама бітпейтін дау-дамай, жұмыс мерзімінің ұзақ болуы секілді өзекті мәселелерді шешу үшін жүктелді.

«Бір жағынан жаңа жүйе кәсіпкерлерге одан әрі қолдау көрсетеді және қордаланған мәселелер бюджеттік қаржыландыру арқылы шұғыл шешіледі. Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі, яғни демпингке тиімді тосқауыл қойылады және процестер толықтай автоматтандырылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілі енгізіледі»,  – деген болатын Президент.

Айтуынша, жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз ету керек. Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60%-ға жетуге тиіс.

Бұл орайда «2023 жылы берілген тапсырма қалай орындалды, нендей қозғалыс бар?» деген сауал туындайтыны орынды. Айтпағымыз, айтылған сөз жерде қалған жоқ. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы қайта қаралды, көптің қайтара айтып жүрген сыны да шет қалмақ емес.

Бағамдасақ, жаңа заңның аясында мемлекеттік аудиттен бас тарту қарастырылады. Мемлекет камералық бақылауға ауысуды көздейді. Сатып алу процестерінің мерзімі де қысқаруы мүмкін. Заң жобасының негізгі мақсаты – отандық тауар өндірушілерге назар аударып, қолдау. Бастысы, конкурстық процедура толығымен автоматтық жүйеге көшпек. Яғни қызмет көрсету немесе тауарларды сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алуға өтініш берген компаниялар цифрлық жүйеге жоспарларына сай балл қойып, рейтинг жасайды. Жүйе шешімімен рейтингі жоғары болған компания тендерді ұтып алады.

«Мұның барлығы жабық түрде өтеді. Конкурсқа қатысып жатқан компаниялар бір-бірін, олардың жоспарын білмейді. Жүйе арқылы өздеріне қандай балл беріледі, сол компания ұтып алады. Бәрін автоматты түрде цифрландырылған процесс шешкендіктен, шағымдануға да мүмкіндік болмайды», – делінген жауапты ведомствоның дерегінде.

 

АЭС: Референдум халықтың пікірін ескеруді көздейді

Жолдаудағы толғақты мәселенің тағы бірі – АЭС салу мәселесі болды. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданатыны айтылды. Көңілге қонымдысы, мемлекет басшысы қоғамда даулы тақырыпқа айналған мәселеде тоқетер сөзді халық айтатынын ескертті.

«Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгінде АЭС құрылысына қатысты ашық талқылау барлық өңірде өтті. Жақында Үкімет отырысында атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу туралы қаулы қабылданды. Қаулының жобасын энергетика министрі енгізді.

«Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумға бастамашылық жасау және «Республикалық референдумды өткізу туралы» Қазақстан Республикасы президенті жарлығының жобасын Қазақстан Республикасы президентінің қарауына енгізу туралы үкімет қаулысының жобасын қарауға шығаруды ұсынамын», – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Министрлер кабинеті қаулы жобасын бірауыздан қабылдады. Енді энергетика министрлігі құжат жобасын президент әкімшілігінің қарауына енгізбек. Референдумның датасы әзірше белгісіз.

 

Заң жүйесі жетілдіріліп жатыр

Жасыратыны жоқ, «елдің саяси-әлеуметтік жүйесіне өзгеріс» қажет деген пікірді екінің бірі айтады. Бірақ, сөз «оны неден бастау керек, қалай жүзеге асырылады» дегенге келгенде тәп-тәуір көтерілген мәселе бастапқы бағдарын таппай, бос даурығудың бірі болып қалады. Бірақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану арқылы мұны жүйелеуге негіз бар. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы еске салып келеді.

Өткен жылғы Жолдауда да «Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры»,- деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың мазмұны жан-жақты толығатынын атап өтті. Мәселен, биыл маусымда Мәжіліс пен Сенат депутаттары жұмысын қорытындылап, атқарылған істерді жіпке тізді. Осы сессияда дәрігерлердің мәртебесіне, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік төлемдеріне, вейптерге қатысты құжаттар қабылданды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов созбалаңға салынып кеткен заңдарды атады. Депутаттық сауалға сырғытпа жауаптар келетінін де айтты.

Сессияда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігі дәлелденгеніне назар аударылды.

Оның айутынша, депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға өзгерістер енгізді. Несие беру кезінде қауіп-қатерлерді барынша төмендетуді көздейтін заң қабылдады. Вейптерге тыйым салынды, букмекерлік кеңселердің жұмысына қатысты да шектеулер енгізілді. Ерлан Қошанов парламент қоржынында қаралуы тиіс 71 заң жобасы барын айтты.

Депутаттық корпус енді бюджет, салық, құрылыс, су кодекстері бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар біз мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет, деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Осыған қарап, едәуір қозғалыс барын аңдаймыз. Бізге де жүйелі түрде жүргізілетін және оң нәтижелерге бағытталған мемлекеттік саясат қажет екені даусыз.

 

Жылу, су ресурстары мен энергетикалық қауіпсіздік: Қандай бастамалар жүзеге асуда?

Елдегі жылу мәселесі салқынқандылықты қажет ететін бұрын. Оған халықты дүрліктірген бірнеше апат дәлел. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Бұл орайда Президент Үкіметке бірқатар тапсырма беріп, Жолдауда оны ашып көрсетті.

Алдымен энергетикалық қауіпсіздік мәселесі алға шықты. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылмақ. Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады. Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі.

Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Жаңа шешімдер мәселелерді шешуге негіз болып келеді.

Су ресурсы да  еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екені даусыз. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

«Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек», – деген еді Президент.

Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.

Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.

Тіпті, еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

«Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», – деді мемлекет басшысы.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Мұны ескерген Президент көп ұзамай Су ресурстары және ирригация министрлігін де құрды. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс бастады.

P.S. Бұдан қандай қорытынды шығарамыз? Қарап отырсақ, қазір сан cалаға қатысты байырғы ұстанымдар өзектілігін жоғалтқандай. Жаңа шешімдер ғана мәселелердің түйінін тарқатуға негіз. Дәстүрлі Жолдауда бұдан бөлек көтерілген тақырып жеткілікті, проблемалардың да біртіндеп тарқатылып келе жатқаны ертеңге деген үміт шырағданын жағып отыр.

Жаңа Қазақстандағы жаңа қадамдарға жұртшылық та тас түйін дайын. Елдің Президенттің алда жариялайтын Жолдауынан да батыл бастамалар күтіп отырғаны жасырын емес.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close