ЖаңалықтарМәдениет

Шымкент әкімдігі 61 млн теңгеге айтыс өткізбек: Ғабит Сыздықбеков бюджет қаржысын тиімді пайдалана ма?

Коллаж: sn.kz

 

Шымкент қаласының әкімдігі қаланың туған күніне орай үлкен мәдени іс-шара – республикалық деңгейдегі ақындар айтысын ұйымдастырмақ. Бұл – бір қарағанда қуанарлық жаңалық. Алайда мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған техникалық сипаттама мен оған бөлінетін 61 280 360 теңге қаражатты көрген соң, қоғамдық қызығушылықпен қатар, күмән тудыратын сұрақтар да пайда болары анық, деп жазады qandastar.kz

Шынында да, бұл іс-шараға бөлінген қаражат қаншалықты тиімді жұмсалмақ? Неге Шымкент Әкімі Ғабит Сыздықбеков бюджет қаржысын өте тиімсіз пайдаланады? Мәне, осыны саралап көрейік.

Іс-шараның ауқымы мен құрылымы

Техникалық сипаттамаға сәйкес, ұйымдастырушы тараптан келесі элементтер талап етіледі:

  • Іс-шара бағдарламасы мен сценарийін жасау;
  • Шақырылатын ақындардың контингентін қалыптастыру;
  • Бейнероликтер (кемінде 5);
  • LED-экранмен, дыбыс пен жарық жүйесімен жабдықталған сахна;
  • Қатысушыларға арналған көлік, қонақ үй, тамақ, ұлттық шапан түріндегі сыйлықтар;
  • Қазылар алқасын жасақтау;
  • Пресс-релиз, медиа-жоспар, әлеуметтік желіде 100 мыңнан кем емес оқырманы бар парақшалар арқылы PR-кампания;
  • Жүлде қоры: 2 млн теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін берілетін 17 жүлде.
  • Бұдан бөлек кемінде 100-ден астам роза гүлі және тағы басқа дүниелер де бар…

Осылайша, іс-шара бір күндік форматта ғана емес, бірнеше күнге созылатын, кең көлемдегі медиалық, техникалық және шығармашылық жұмысты талап етеді.

Фото: Қазақ үні

Ақындар айтысы – ұлттық бренд пе, әлде уақытша жоба ма?

Айтыс – қазақтың төл өнері, оны қолдау керек дейміз. Бірақ қазір халықтың тұрмыстық әл-ауқаты айтыс тыңдап, той тойлап жүретіндей ме? Неге сол бөлінетін қаржыны басқа игі мақсатқа жұмсамасқа? Мәселен, шын мұқтаж жандар мен мүгедектерге бөлініп берілсе… Ал оны түсінетін әкімдік қайда?..

Техникалық сипатамасы жазылған айтыстың мазмұны мен форматы толықтай ашылмаған. Шақырылатын ақындардың аты-жөні, айтыстың тақырыптық бағыттары, тікелей эфир арқылы таратыла ма, ел арасына қандай жаңалық не ой тастайды – бұл сауалдардың жауабы жөнді көрсетілмеген.

Күмән туғызатын тағы бір жайт бар. Бұл іс-шараны өткізу үшін қазыларға төленетін гонорар, оларды алып келу, орналастыру, арнайы брендтелген шапан дайындау және қатысушылардың да жолақысы, сыйлықтары секілді шығындардың бәрі қамтылған. Және қазылар алқасы кемі бес жұлдызда қонақ үйде жатуы керек екен.

Пропаганда ма?

Техникалық сипаттамада ақпараттық насихатқа баса мән берілген:

  • Іс-шараға арналған 30 секундтық роликті 10 күн бойы кемінде 3 рет жергілікті арнадан көрсету;
  • Әлеуметтік желілерде 100 мыңнан астам оқырманы бар парақшаларда 5 реттен кем емес жарияланым;
  • Медиа-жоспар дайындау және келісу.

Осы жерде мына бір ұрақ туындайды: Шымкенттегі бір реттік айтыс үшін осынша көлемдегі жарнама қаншалықты қажет? Бұл – ұлттық мәдениет үшін емес, әкімдіктің өзін-өзі жарнамалауға ұмтылысысияқты көрінбей ме?

Бюджет ашық па?

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған сома – 61,2 млн теңге. Бірақ оның нақты неге, қалай бөлінетіні туралы ашық талдаулар жоқ. Сондықтан да Шымкент әкімдігі бұған дейін жазған мақаламызды ескермегені көрініп тұр. Мысалы:

  • 5 бейнероликтің құны қанша?
  • 1000 адамдық концерт залы жалдаудың нақты бағасы қанша?
  • Қазылар алқасының әр мүшесіне қанша төленеді?
  • Бір ақынға шақыру мен қонақ үй шығыны қанша?

Бұл қаражаттың ашықтығы мен тиімділігі туралы нақты есеп берілмесе, әрине, адамдардың наразылық тудыруы – заңды.

Сын мен ұсыныс

Егер әкімдік расымен ұлттық өнерге қолдау көрсетуді мақсат етсе:

  • Айтысқа ашық іріктеу жариялануға тиіс;
  • Қатысушылардың тізімі мен жүлде шарттары жария болуы керек;
  • Іс-шара тек бір күндік PR науқан емес, жыл сайын өтетін дәстүрлі додаға айналуы тиіс;
  • Қоғам өкілдері, мәдениет майталмандары ұйымдастыру жұмысына тартылуы керек;
  • Ең бастысы – бюджет ашық әрі егжей-тегжейлі есептелуі қажет.

Шымкент әкімдігінің республикалық айтыс өткізуге бөлген қаржысы – бір жағынан мәдениетті қолдау, екінші жағынан күмәнді шығындардың көрінісі болуы мүмкін. Егер бұл қаражаттың әр тиыны әділетті, ашық және тиімді жұмсалса, бұл қуантарлық бастама болар еді. Бірақ қазіргідей жағдайда қоғамға есеп беру, талқылауға шығару және қатысушылардың барлығын ашық жариялау – басты талап болып отыр.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close