Жаңалықтар

«Көк жигули», «18 бен 25» хит әндерінің авторы Англияда құлпынай теріп жүр

Халыққа кең тараған “Көк жигули”, “Сен маған массың”, “18 бен 25”, “Махаббат жоқ деме, жаным” әндерінің авторы, композитор Нұрзат Рахатов Англияда құлпынай теріп жүр, деп хабарлайды

Сазгер Stan.kz тілшісіне шетелдегі жұмысы мен өмірі туралы айтып берді. Ақынның сөзінше, бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Айлығы мардымсыз болғасын, Англияға кетуді жоспарлаған көрінеді.

“2024 жылдың мамыр айында келдім. Мектептегі мұғалімдердің әсіресе жас мамандардың жалақысы аз екені белгілі. Үш жыл мектепте жұмыс істеп жүріп, табысыма көңілім толмады. Содан шетелден жұмыс іздедім. Англия туралы да біраз ақпарат іздеп, виза алып осы елге келдім. Қазіргі жұмысым – құлпынай мен таңқурай теру”, – деді Нұрзат.

Хит әндердің авторы 2018 жылдан бері қазақ эстрадасына белгілі әншілермен танысып, шығармашылық байланыс орнатқан. Әндерінің бағасын да жасырып қалмады.

“Әндерімнің бәріне авторлық құқық рәсімделген. Қазақ авторлар қоғамында әндерім тіркелген. Әндердің бағасы әрқалай, нақты бір сома белгіленбеген. Шамамен бір әнді 50 мың теңгемен 100 мың теңге аралығында сатып алады. Жалпы шығармашылықта табыс тұрақсыз болғандықтан, жалғыз қаламақымен елімізде күн көру мүмкін емес. Несиелерімді жауып, қарыздарымнан құтылсам, осы жылы күзде елге қайтамын. Шығармашылыққа бет бұрамын деп айта алмаймын, өлең жазу, ән шығару жай ғана – хобби”, – деп ағынан жарылды автор.

Бүгінде ақынның көптеген әндерін күллі қазақ жатқа біледі. Тіпті, әлеуметтік желінің арқасында Шығыс Азия елдеріне де тарап үлгерді.

“Хитке айналған “Достарым менің золотой” деген әнді мен жазған жоқпын. Кейбір ақпарат құралдары қате жазып жіберіпті. Рахымжан Жақайымымның «Достарым» деген әнін жаздым. Екеуі екі бөлек ән. «18 бен 25» әні YouTube-та ютубта ең көп қаралым жинады. 2018 жылы жарық көрсе де, әлі күнге дейін шырқалады. Сол жылдары 90-жылдардағы әндер хит болып тұрған еді. Бағы жанып, керемет туындыға айналды. 2020 жылы “Сен маған массың” деген әнді шығардық. Жарық көрген бойда кеңінен таралды. Бүгінде Қытай, Таиланд сияқты Шығыс Азия елдерінде трендтегі әндердің бірі екен. Одан басқа да көптеген әндерге сөз жаздым. Анара Батырхан орындайтын “Қазақтың тойы бітпесін”, Гүлмира Ізбасханова орындап жүрген «Көк Жигули» әнінің қазақша нұсқадағы мәтінін жазып бердім. Абай Бегейдің «Құралай» «Мелодия» деген әндерінің авторымын. 2014 жылы “Ал Давай” деген топ болатын. Соның  «Биле» «Сағындым сені» деген әндерін жазғанмын. “Домино” тобының «Гүлбану» деген әні де менікі. Одан бөлек Нұрсұлтан Нұрбердиев, Ахан Отыншиев, Алтынбек Тәшімбетов сияқты «Украина дауысы» жобасының финалисті Диляра Дидармен Али Оқаповтың дуэт әнінің мәтін авторымын”, – деді Нұрзат.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close