Жаңалықтар

Экологтар АЭС құрылысы жобасына қатысты сұрақтарды талқылады

Алматыда 21 сәуір күні белгілі экологтардың, Эко-белсенділердің, Қоғамдық ұйымдар, Экологиялық қорлар, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және энергетик, су ресурстары саласының, атом саласы мамандарының, физиктер және ғалымдардың қатысуымен «Экология және атом энергетикасы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада білікті мамандар күн тәртібіндегі өзекті тақырып – Атом электр станциясы құрылысы жобасын жан-жақты талқылады.

Дөңгелек үстелдің ашылуында ҚазҰАЗУ-дың Стратегия, ғылым және халықаралық қатынастар департаментінің директоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Кененбаев сөз сөйлеп:

«Біздің мемлекетіміз үшін АЭС салу барысында және оны пайдалануда экологиялық талаптарды сақтау – ең күрделі мәселе. Бүгінгі таңда атом энергиясы – тиімділігі тұрғысынан үздіксіз энергия өндірудің жалғыз ғана көзі. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының зерттеуіне сәйкес, өмірлік цикл деңгейіндегі жел энергиясын қоса алғанда, АЭС – генерацияның барлық түрлері арасында көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады», – деп атап өтті.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстандағы АЭС құрылысы жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысында баяндама жасап, жобамен толықтай таныстырып өтті.

«Біріншіден АЭС құрылысына қарастырылып отырған аймақ бәріңіз білетін оңтүстік-шығыс өңір, Балқаш маңындағы Үлкен ауылы. Бұл аймақта су қоры – Балқаш көлі бар, геологиялық жағдайы қолайлы, сейсмологиялық критерийлер де қарастырылған. Гидрогрофияға, көлдегі тіршілік иелеріне әсер ету факторлары да қарастырылуда. Біз тек бір жақты қарастырмаймыз. Оның экологияға тигізер әсеріне де көз жұма алмаймыз. Халықтың пікірін де назарға алып, жан-жақты ойларды талқылап жатырмыз», – деді Тимур Жантикин.

Шараға модераторлық еткен ҚазҰАЗУ Инженерлік-техникалық факультетінің деканы Ләззат Тұрғынбайқызы АЭС тақырыбы үлкен талқылауды қажет ететін күрделі сұрақ екенін айтты.

Ал Қазақстанның Инженер-энергетиктер Одағының бас директоры Марат Дулкаиров:

 «Әлемді энергетикалық тапшылық күтіп тұр. Бұл өз алдына үлкен мәселе. Екібастұздағы биылғы жайтты көрдіңіздер. Біздегі баламалы энергетика жүйелері Кеңес кезінен бері келе жатыр. Ескіргенін бәріңіз біліп отырсыздар. Екібастұздағы аналар, отбасылар жылу жетпейді деп жылап отырғаны да рас. Бізге сол үшін де энергетика көзін жандандыру қажеті. Ал АЭС осы жағдайдан құтқаратын тиімді нұсқа», – деген пікірін жеткізді.

Дөңгелек үстелдің дискуссия бөлімінде шараға арнайы қатысқан белгілі эколог мамандар өздерінің өткір ойларын ортаға салды. Үш сағат уақытқа созылып, қызу талқыға түскен аталмыш тақырыпқа байланысты экологиялық сұрақтарды талқылады. АРГО (Ассоциации развития гражданского общества ) өңірлік бағдарламаларының директоры Қ.Я. Атаханова, «Әлеуметтік-экологиялық қор» қоғамдық қорының өкілі К.К. Каракулова, «ЭКО ФОРУМ» ҮЕҰ сарапшысы Г.Х. Кәкімжанова және т.б.  білікті экологтар бой көрсетті. Олар атом энергетикасын дамытуда экологиялық жайттарға әсерін бей-жай қалдырмауды сұрады.

«АЭС-тің экономикалық, энергетикалық жағдайларға оң әсерін беретініне дауымыз жоқ. Алайда, экологиялық факторларды көзден таса қалдырмасаңыздар. АЭС 60 жыл бойы үздіксіз жұмыс жасайтын үлкен объект. Оны салардан бұрын болашаққа толықтай зер салып, саяси факторларды да ойлауымыз қажет. Түптің түбіне келгенде бұл біздің балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы. Сондықтан бұған Қазақстанның кез келген азаматы ат үсті қарамауы тиіс», – деді Қайша Якубовна.

Сондай-ақ «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының профессоры Бағлан Махамедова «Атом және жасыл экология» тақырыбында өз баяндамасын оқыды. Өз сөзінде ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетика жүйесін жаңғырту қажет деген тапсырмасын баса назарға алып, бұл орайда АЭС құрылысы баламалы нұсқалардың ішіндегі үлкен мүмкіндікке ие екендігін атап өтті:

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жоба еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру мәселесін шешуге арналған. Бұған мемлекет басшысының жолдауынан бәріміз хабардар болдық. Бүгінде ғылыми-техникалық базасы дамыған елдерде атом энергетикасы энергияның қауіпсіз әрі экологиялық таза өндірісі ретінде қарастырылып келеді. АЭС құрылысы туралы шешім қабылдау жан-жақты талқылауды қажет етеді. Қазіргі уақытта дамыған елдерде болып жатқандай өндіріс секторларын және электр энергиясына деген жалпы қажеттіліктерді қанағаттандыруда ядролық энергетика елдің экономикасына оң әсер ететін энергия көзі ретінде есептеу үшін бұл мәселені жіті қарауымыз қажет», – деді ол.

Сонымен қатар шарада Балқаш-Алакөл бассейндік иснпекциясының басшысы Раушан Иманбет, ҚР Энергетика министрлігі «Ядролық физика институты» РМК директорының кеңесшісі Мұрат Төлегенов, «Ecology Consulting»  басшысы, экология магистрі, эколог,  Экобелсенді Ботагоз Садыбекова, «Almighty Ecology» қоғамдық қорының директоры Алмат Сатубалдин де бой көрсетті.

«Атом станциясына қатысты экологтар тарапынан айтылған сынның бәрі орынды. Бәріміз ел болашағына алаңдаулымыз. Дей тұрғанмен қазіргі таңда жылу электр станцияларының да ауаны ластап, белгілі бір деңгейде экологиямызға залалын келтіріп жатқанына көз жұма қарай алмаймыз. Бәрін де көріп біліп отырмыз. Ал АЭС-тен бөлінеді деп жүрген газ, түтін ол сіздер ойлаған зиянды зат емес. Ол конденсатордан шыққан бу. Халық осыны түсінсін. ЖЭС-термен салыстырғанда атом станциясы өзінің функциясын орындауда қауіпсіз болып келеді» деді Ботагоз Садыбекова.

Іс-шара соңы қызу дискуссиямен аяқталды. Ғалымдар өз пікірлерін таласа ортаға салып, күн тәртібідегі тақырыпты жан-жақты талдады.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close