Қазақстанда байланыс операторлары екі күн ішінде алаяқтар қоңырау шалған нөмірлерді анықтап, бұғаттауға міндеттеледі, деп жазды qandastar.kz.
Бұл жөнінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бекіткен байланыс қызметін көрсету ережелеріне енгізілген жаңа түзетулерде көрсетілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, операторлар алаяқтық белгілері бар қоңыраулар мен SMS-хабарламаларды анықтап, күмәнді абоненттердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және тіркелген нөмірлері туралы мәліметті Ұлттық банктің антифрод орталығына жолдауы тиіс.
Егер алаяқтық фактісі расталса, байланыс операторы сол нөмірге қызмет көрсетуді дереу тоқтатып, бұл туралы Ұлттық банкке хабарлауы қажет.
Сонымен қатар, ережелерге бір адамға 10-нан астам нөмір рәсімдеуге қатысты өзгерістер енгізілді. Енді абонент қосымша нөмірлер қажет екенін арнайы өтініш арқылы негіздеп, олардың қолдану мақсатын көрсетуі керек.
Министрліктің жаңа бұйрығы 2025 жылғы 18 қарашадан бастап күшіне енеді.



