
Астанадағы «Арыстан» тұрғын үй кешенінде қайғылы жағдай болды. Қызмет көрсетуші ұйымның қызметкерлері мінген лифт құлап, салдарынан бір адам көз жұмды, тағы екеуі ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Qandastar.kz
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кезінде жұмысшылар лифтке техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Зардап шеккендердің бірі қаза тапқан, қалған екі адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, олардың бірінің жағдайы ауыр, екіншісінікі орташа ауыр.
Айта кетейік, дәл осы тұрғын үй кешенінде биыл тамыз айында да осындай жағдай болған. Ол кезде лифт ішінде бала болған, бірақ ешкім зардап шекпеген.
Тұрғындардың сөзінше, лифт мәселелері үй пайдалануға берілгеннен бері жиі қайталанып келеді.
Кешеннің жобалаушысы – «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС және әкімдік.
Қазіргі таңда полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.



