ЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Жасанды интеллект туралы заң банк секторына қалай әсер етеді?

Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit барысында ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова жасанды интеллект туралы заң қабылданғаннан кейін банк секторы қандай негізгі қиындықтарға тап болатынын айтты, деп жазады qandastar.kz ҚНРДА-ға сілтеме жасап.

Оның сөзінше, қаржы қызметтерінде ЖИ технологиялары қазірдің өзінде кеңінен қолданылып жатыр, алайда нормативтік база олардың даму қарқынына ілесе алмай отыр.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жасанды интеллект туралы заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданып, Сенат қарауына жіберілген. Құжат жалпы қағидаттарды белгілейтін рамалық заң ретінде қабылданып, болашақта, соның ішінде қаржы секторы үшін де, реттеу архитектурасының негізін құрайды. Дегенмен, ЖИ-ді кең көлемде енгізу құрылымдық өзгерістерді қажет ететіні қазірдің өзінде байқалып отыр.

ҚНРДА  төрайымы қаржы нарығында жасанды интеллектті енгізуді тежеп отырған үш негізгі кедергіні атады. Ол — бірізді стандарттардың жоқтығы, деректердің сапасыздығы және салалық мамандардың жетіспеуі.

«Қазіргі таңда жасанды интеллектті тікелей реттейтін құжат жоқ, бірақ ол міндетті түрде болады. Зерттеулеріміз бен банктерге жүргізілген сауалнамалар көрсеткендей, ең үлкен қиындықтар – ортақ стандарттардың болмауы, деректер сапасының төмендігі және кадр тапшылығы. Әрбір банк ЖИ жүйелерін өз бетінше жасап, мақсат-міндеттерін өзі қояды, сондықтан бірыңғай талаптар жоқ. Сол себепті біз дәстүрлі реттеу тәжірибесіне сүйенуге мәжбүрміз», – деді ол.

Спикердің айтуынша, ЖИ дамуына кедергі келтіретін негізгі фактор – деректердің сапасы. Қазір ақпарат әртүрлі жүйелерде сақталып, бір-бірімен үйлеспейді, бұл алгоритмдердің жиі қате шешім қабылдауына себеп болады. Заң жобасында нарық қатысушылары қолдана алатын бірыңғай дербестендірілген деректер массивін құру қарастырылған.

Үшінші маңызды кедергі – маман тапшылығы.

«Мұнда тек IT мамандары ғана емес, ЖИ технологиясын қолданатын саланы терең білетін, тәуекелдерді бағалай алатын, қаржы секторындағы талаптарды түсінетін кадрлар қажет», – деді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, ЖИ-ді енгізу банктерден айтарлықтай инвестицияны қажет етеді. Инфрақұрылымды жаңарту, серверлік қуатты арттыру, үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге арналған ресурстарды көбейту. Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға сәйкес, Қазақстандағы банктердің 75%-ы скоринг, алаяқтықты анықтау, маркетинг және чат-боттарда ЖИ қолданады. Алайда технологияны енгізу деңгейі әртүрлі: ірі банктер белсенді инвестициялауда, ал орта және шағын банктер әлі бастапқы кезеңде.

Мәдина Әбілқасымованың пікірінше, ЖИ-дің дамуы инфрақұрылымға қолжетімділік мәселесін де алға шығарады. Бюджеті шектеулі шағын және орта банктер үшін жаңа құрылған Қазақстанның цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі тарапынан ресурстарға тең және әділ қолжетімділік маңызды. Сонымен қатар мемлекеттік деректерге қол жеткізу үшін ақы алу мәселесі де талқылануда.

«Қазір министрлік тарапынан банктерге мемлекеттік деректерге қол жеткізу үшін қосымша төлем енгізу туралы бастамалар естілуде. Мұнда нақты айырмашылық болуы керек: егер банк қоғамдық маңызы бар қызметтерді орындау үшін деректерге қол жеткізсе, онда бұл қажеттілік. Біз банктерге үлкен талап қоямыз, ал олар бұл міндеттерді орындау үшін тиісті деректерді пайдалануы керек. Ал коммерциялық мақсаттар үшін қолжетімділік басқа мәселеге жатады», — деді Әбілқасымова.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button