Астана қаласында 7 жасар шөбересіне жыныстық зорлық көрсеткен 82 жастағы қария 20 жылға сотталды, деп жазады qandastar.kz сайты Politico.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы қор жетекшісі Дина Смайылова Facebook әлеуметтік желісіндегі НеМолчиKZ парақшасында мәлімдеді.
Қайғылы оқиға баланың туған күнін атап өту кезінде, туыстар түгел жиналған үйде болған. Алайда, азғындық ісінен кейін қария қашып үлгерген.
Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы куәгерлердің айғақтары мен сот-медициналық сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген. Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Дина Смайылованың айтуынша, баланың анасы қорға 2025 жылдың 5 сәуірінен 6 сәуіріне қараған түні, қызын сараптамаға апарған сәтте хабарласқан.
Бұл адам не істегенін жақсы түсінген. Қылмыс үстінде ұсталғанда қашып кетіп, бір тәулік бойы бой тасалаған. Полиция оны кейін ғана қолға түсірді, – деп жазды құқық қорғаушы.
Сонымен қатар, отбасы ішінде айыпталушының жасы үлкен екенін алға тартып, істі сотқа жеткізбеуді ұсынғандар болғаны да айтылды.


