Білім
«Әбден құтырған, беті бүлк етпейді»: Желіде ауыл мұғалімінің сөзі қызу талқыға түсті
Фото: ашық дереккөз
Желіде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутино ауылындағы Горький атындағы мектеп-лицей мұғалімінің түсірген видеосы тарады, деп хабарлайды qandastar.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Мұғалім оқушысына ұрысып жатқанын қыздың әпкесіне өзі жіберген.
Видеода мұғалім оқушы қыздан жемпірін шешуді талап етеді.
«Бүкіл сыныптың алдында мен мына жемпірді шешуін талап етемін. Бөлме ыстық. Ал ол «тоңып тұрмын» дейді. Беті бүлк етпей отырғанын қарашы! Мен ұялы телефонын тапсыр дедім, өйткені тест болып жатыр, бірақ ол оны маған бермеді. Талаптарымды орындамағандықтан, сабақтан шығып, үйіне қайтуын сұраймын. Әбден құтырып кеткен! Кабинеттен лақтырып жібергім келіп тұр», – деді мұғалім.
Қыздың жақындары мұғалімнің сөздері этикаға жат екенін және ұстаз мәртебесіне сай келмейтінін айтып, оны жазалауды талап етіп отыр. Сөздерінше, мұғалім бірнеше жылдан бері қызды қорлап келе жатыр. Желідегі пікірлерден мұғалімнің 20 жылдық еңбек өтілі бар екенін көруге болады.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, Баутино ауылының мұғалімі тәртіптік жазаға тартылды.
«Мәселе комиссия отырысында қаралды. Комиссияның шешімімен «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» оқу-ағарту министрлігінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығына сәйкес, мұғалімтәртіптік жауапкершілікке тартылды. Педагогикалық этиканың негізгі қағидаларын бұзғаны үшін «ескерту» берілді. Оқушының ата-анасы мектепке шақырылды, бірақ олар келмеді», – деді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.