Жаңалықтар
«Ағасы Парижден арқалап келген жүлдені таңдады»: Демеу Жадыраев танымал балуанның ұлының тұсауын кесті (видео)
Видеодан кадр: instagram.com/qundyzayim
Желіде Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың Қазақстанның танымал грек-рим күресі шебері Қорлан Жақаншаның ұлының тұсауын кескен сәтінің видеосы тарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Олимпиада жүлдегерінің тұсау кескен сәтінің видеосы балақайдың анасы Құндыз Төлебаеваның Instagram-дағы жеке парақшасында жарияланды.
«Салқам Жәңгір-Ханның тұсауын Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Демеу ағасы кесті. Ағасы сонау Парижден арқалап келген жүлдесін таңдады біздің балапан. Алла қаласа әлемді аузына қаратқан, дүбірлі додада ешкімге дес бермес нар тұлғалы азамат болғайсың, құлыным. Әкең чемпион, тұсауыңды чемпион кесті. Жетектеген батыр ағасы Дамир Күзембаев», – деп жазды бөбектің анасы. «Жолы әрқашан ашық болсын!», «Болашақ чемпион», «Елдің Азаматы болсын!», – деп жазды желі қолданушылары.
Еске салсақ, Демеу Жадыраев биыл өткен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ол 7 тамызда грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесінде өткен финалдық бәсекеде жапон балуаны Нао Кусакамен күресті. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншіледі.