Жаңалықтар
Air Astana әуе компаниясы 12 жастағы қызға 5 млн теңге өтемақы төлейді
Фото: atamekenbusiness_qaz
Сот Air Astana әуе компаниясын 12 жастағы қызды ұшаққа отырғызбағаны үшін оның анасына 5 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды qandastar.kz atamekenbusiness_qaz сілтеме жасап.
Бұл туралы адвокат Данилхан Шағатев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
20 шілдеде Зере және Зәуре атты егіз қыз Америкадан елге қайтқан. Олар сенімді өкілмен, бір топ баламен саяхаттаған. Қайтарда Астана арқылы транзитпен Оралға ұшуы керек болған, бірақ Зерені компания бортқа кіргізбей, жалғыз өзін тастап кеткен. Ал сенімді өкіл басқа балалармен ұшып кеткен.
Әуежайдағы камералардың жазбаларынан 12 жастағы қыздың 3 сағат жылап тұрғанын көруге болады. Осы оқиғадан кейін FlyArystan басшысы баланың анасымен кездесіп, кешірім сұрап, өтемақы ретінде 4 млн теңге ұсынған. Бірақ әйел одан бас тартып, сотқа жүгінген.
FlyArystan әуе компаниясы сыйымдылығы 188 орындық ұшақты 180 орындық бортқа ауыстырғаны анықталды.
Нәтижесінде Зере 181-жолаушы ретінде тіркеліп, ұшаққа отыра алмаған.