Білім
«Айлық ала алмай, несие алуға мәжбүрміз»: Алматыдағы Qazbilim Ұлттық лицейінің мұғалімдері мәлімдеме жасады

Коллаж: Stan.kz
Алматыдағы Qazbilim Ұлттық лицейіндегі қызметкерлер жалақыларын ала алмай жатқанын айтып, шу шығарды, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Редакциямызға жекеменшік мектептің оқытушылары шығып, соңғы бір жылда жалақыларын уақытылы ала алмай жүргенін айтты. Олар аттарын атамауды жөн көріп, анонимді түрде әңгімелесті. Осы мәселенің кесірінен кейбір қызметкерлер қысымға ұшырап, отбасында түрлі мәселеге тап болған көрінеді.
“Жұмыстан шықсақ, еңбек кітапшамызға негатив пікір жазып бермек”
“Мектептің атына кір келтіру ойымызда жоқ. Еңбекақымызды ала алмай отырғасын, әділетсіздікке шыдамадық. Кейбір адамдар “Неге шығып кетпедің?” деп жазыпты. Жыл ортасында бізді кім жұмысқа алады?! Одан кейін жұмыс берушінің “Еңбек кітапшаларыңа сынақтан өтпеді” деп жазып береміз” деп қорқытқанын да естідік” – деді лицей қызметкері.
Одан кейін тағы бір орталық қызметкері әріптестерінің айлық ала алмағасын несиеге кіріп кеткенін де жасырмады.
“Әріптестеріміз еңбекақысын ала алмағасын несиеге батты”
“Бізге қысым көп болады. Осындай жағдайда кейбір әріптестеріміз үнсіз қалды. 70 мұғалімнен 7 мұғалімнің шықпағаны өкінішті. Бұл шу екі жылдан бері бар. Мұғалімдердің шыдамы осы күнге дейін ғана жетті. Әріптестеріміз еңбекақасын ала алмағасын несие алып кетті. Тіпті, несиені несиемен жауып отырғандар да бар. Айлыққа дейін қарыз ақша алған қаншама әріптестерімізді білеміз. Көлігі бар қызметкерлер таксист болып кетті. Әлеуметтік төлемдер де түспеген. Барлық жауапкершілікті министрлікке артып қойды. Біз келісімшартты лицей басшысымен жасадық. МӘМС-те түспеген. Ауруханаға тексеріле де алмайсың. Ақылы тексерілуге де ақша жоқ. Екі жылдан бері министрлік бермей келсе, басшы ретінде шешімін таппай ма?! Одан кейін екінші жұмыс істеуге уақыт жоқ. Таңғы 8-ден 16.30-ға дейін жүреміз. Кейбір әріптестеріміз кешкі 7-ге дейін жүреді. Өткен жылы айлық 10-15 күнге кешіксе, биыл екі айға дейін созылып кетті. Мынадай жағдай болған. Бір күні 15 мұғалім хат жазып, басшылыққа ескертіп, жұмысқа шықпай қойды. Себеп – айлықты кешіктіру. Сол күнгі ақшаларын қиып тастады. Шаршадық шыны керек”, – дейді лицей оқытушысы.
Мұғалімнің сөзінше, кей кезде не үшін ақша керек екенін дәлелдейтін жағдай да кездескен.
“100 мың теңге аударғанын басқа әріптестеріміз білмеуі керек”
“Біз тек айлыққа қатысты мәселе көтердік. Қалған мәселелер туралы жақ ашпаймыз. Айтпақшы, ақша керек екенін дәлелдейтін кездер де болған. “Анамның туған күні”, “Пәтер иесі қуып жатыр”, “Несие төлейтін күнім” деп дәлел ұсынамыз, сосын бізге 100 мың теңге аударады. Оны бірақ басқа әріптестеріміз білмеуі керек. Оқушыларымыз жетістікке жетіп жатыр. Бірақ мұғалімдердің еңбекақысын бермей отыр. Мұғалімдердің арқасында оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп отыр. 30 мамырда еңбек демалысына шыққан әріптестеріміздің ақшасын әлі түсірген жоқ. Мәселе ақшаны беру немесе бермеуде емес, бәрібір беруге тиіс. Бірақ маңыздысы – уақтылы беру. Себебі осы айлықпен қаншама адам отбасын асырап отыр”, – дейді мектеп қызметкері.
Stan.kz тілшісі орталық басшысы Аятжан Ахметжанұлына хабарласып, істің ақ-қарасын ажырату мақсатында пікір сұрады.
“Менің қол астымда 430-ға жуық мұғалім бар. Олардың жалақылары 180 миллион теңгеге жуықтайды. Бір ғана Гүлназдың мәселесі емес. Тіпті, әлдекімдердің қолдан қоздыруы сияқты. Министрлік бізге миллиондап ақша қарыз. 2023 жылғы қараша айынан бері Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерді “сорлатып” отыр. Келісімшарт бойынша министрлікке қарасты қаржы орталығы лицензия алған соң, оқушы саны бойынша ай сайын жан басына қаржыландыру жүргізіп, жылына 9 ай қаржы төлейді. Бұл қаржыны барлық мектептер алады. Кейде министрлік қаржы бермеген жағдайда мұғалімдердің ақшасын өз қалтамнан да, демеушілердің көмегімен де төлеген күндер болған. Әлі күнге дейін реттеп жүрмін. Көп жеке мектептер демалыс пен сауықтыруды да төлемейді. Толық төлейтін бір мектеп болса, ол – біздің мектеп”, – деп жауап берді Аятжан Ахметжанұлы.