Жаңалықтар

Аймағамбетов: Онкологияны емдеуге бөлінген қаражатты қысқарту қисынсыз

Коллаж Ulysmedia

Онкологиялық ауруларды емдеу, гемодиализ, паллиативтік көмек және ПМСП үшін бөлінген бюджет қаражатын қысқартудың орнына, Денсаулық сақтау министрлігі басқа шаралар арқылы жүздеген миллиард теңгені үнемдей алар еді. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов өзінің Faceebok парақшасында жариялады.

– Жоғарғы аудиторлық палатаның талдауын оқып, өздеріңіз қорытынды жасаңыздар деп жазған, – дейді ол хабарламада.

Айталық, дәрілік заттармен қамтамасыз ету тиімділігі бойынша аудит қорытындыларына сәйкес, Қазақстанның фармацевтикалық нарығының көлемі 2023 жылы 1 трлн теңгеге жетіп, соңғы 5 жылда 2 есеге өскенін жазды. Алайда, 2019–2023 жылдар аралығында тұтыну көлемі тек 10%-ға (651 миллионнан 715 миллион қаптамаға дейін) ғана өсті.

Қазақстандағы фармацевтикалық препараттардың бағасы Ресей және Қырғызстанмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары:

  • «Парацетамол 0,5 г, №10» — Ресейде 59,4 теңге, Қазақстанда 144,2 теңге, Қырғызстанда 90 теңге.
  • «Ацетилсалицил қышқылы (Аспирин) 0,5 г, №10» — Қазақстанда 75,9 теңге, Ресейде 52 теңге, Қырғызстанда 49 теңге.
  • «Терафлю №10» — Қазақстанда 3 325,5 теңге, Ресейде 2 285 теңге, Қырғызстанда 2 548 теңге.

Шетелдік препараттардың бағасы отандық өндірушілердің (ОТП) бағасынан асып кеткені анықталды, оларды факт бойынша жеткізбеген, бұл жасанды бағаны көтеру қаупін тудырады және бағаның төмендеуіне кедергі келтіреді.

Жоғарғы аудиторлық палатаның есебі бойынша, сауда үстемелерін қалыптастырудың бірыңғай тәсілін қолдану жыл сайын қыруар қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берер еді.

Денсаулық сақтау министрлігі генерикалық және биоаналогиялық препараттардың құнын оригинал препараттардың бағасымен салыстыруға шектеу қоятын талаптарды жойды (генериктер — түпнұсқа препарат бағасының 70%-ынан, биоаналогтар — 90%-ынан аспауы тиіс).

Нәтижесінде, кейбір генериктердің шекті бағасы түпнұсқа препараттардан 10–52%-ға жоғары болып отыр (Диклофенак — 52%-ға, Цефтриаксон — 43%-ға, Сальбутамол — 43%-ға, Ибупрофен — 13%-ға, Моксифлоксацин — 10%-ға қымбат).

Баға белгілеу механизмі кемшіліктерінің салдарынан бюджет және нарық сегменттеріндегі бағалардың айтарлықтай айырмашылығы туындаған. Біріккен дистрибьютор арқылы сатып алынатын Топ-10 препараттар мен медициналық бұйымдар бойынша айырмашылық 43-тен 365%-ға дейін жетіп, жалпы көлемі 8 378,6 млн теңгені құраған.

2024 жылдың мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) адам денсаулығына ең үлкен қауіп төндіретін антибиотикке төзімді бактериялар тізімін жаңартты. ДДСҰ туберкулезбен ауыратын, препараттарға сезімтал науқастарды емдеу протоколынан «Амикацин» препаратын алып тастауды ұсынды. Бюджет өтінімін талдау барысында, қазіргі уақытта 11 өңірде ДДСҰ ұсынымына қарамастан, бұл препаратты қолдану жалғасып жатқаны және оны 2025–2027 жылдарға сатып алу жоспарланып отырғаны анықталды.

Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігі маусым айында онкологиялық ауруларды емдеуге бөлініп келген бюджет қаражатын 20 пайызға дейін қысқарту жөнінде шешім қабылдағаны белгілі болған.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close