ҚР Ішкі істер министрлігі «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әлеуметтік осал топтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да қамтыған қылмыстық схемаларды анықтады, деп жазады qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара аясында адам саудасымен байланысты бірқатар ауыр қылмыстың жолы кесілді: барлығы 39 факт тіркелді, оның алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты.
Алматы қаласында жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне қатысы бар қылмыстық топ әшкереленді. Ұйымдастырушылар қиын өмірлік жағдайға тап болған жас әйелдерді материалдық сыйақы үшін сәбиін бөгде адамдарға беруге итермелеген, — дейді полицейлер.
Ведомство хабарлауынша, барлық қатысушы ұсталып, 20-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Сонымен қатар Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тартып, қанау фактісі анықталды. 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберіліп жатыр. Астанада азаматтарды сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау бойынша сегіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
Ақмола облысында діни топтың әрекеті тоқтатылды. Аталмыш топ еркін жыныстық қатынастарды және отбасылық құндылықтардан бас тартуды насихаттайтын «рухани орталық» ұйымдастырған. Тінту барысында діни әдебиеттер, атрибуттар мен ритуалдық заттар табылды, — деп жазылған хабарламада.



