Әлеумет және қоғамДенсаулық

Ақтөбе облысында қызылша жұқтырғандар саны күрт өсті

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 173 адамнан қызылша анықталды, олардың басым бөлігі – балалар. Мамандар ауру жұқтырғандардың көбі екпе алмағанын айтып, тұрғындарды вакцинацияға шақырды.

Фото: freepik.com
kaz.inform.kz

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 173 адамнан қызылша анықталды. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар деп хабарлайды qandastar.kz сайты kaz.inform.kz порталына сілтеп.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде 32 жағдай ғана тіркелсе, биылғы қаңтардан бастап көрсеткіш 3,3 есеге өсіп отыр. Қызылшаға шалдыққан 173 адамның 155-і – балалар, біреуі жасөспірім, 17-сі ересек тұрғын.

Мамандардың айтуынша, науқастардың 76,3 пайызы екпе алмаған. Бұған медициналық қарсы көрсетілімдер, ата-аналардың қорқынышы мен сенімсіздігі, сондай-ақ діни немесе жеке көзқарастар себеп болған. Дегенмен вакцина алған балалар арасында асқыну немесе кері әсер тіркелмеген.

Дәрігерлер қызылша асқынған жағдайда отит, ларингит, энцефалит, бронхопневмония секілді ауыр дерттерге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Ауру салдарынан көру қабілетінің төмендеуі немесе ми қабынуы да ықтимал. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балаларын уақытылы вакцинациялауға шақырып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылы облыста 3 700-ден астам адам қызылша жұқтырған. Кейін өңірде қосымша вакцинациялау жүргізіліп, нәтижесінде былтыр небәрі 32 жағдай тіркелген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button