Жаңалықтар
Алакөлге бара жатқан жолаушылар автобусы аударылды
Бүгін Алматыдан Алакөл көліне демалушыларды жеткізбек болған автобус аударылды. Көлік ішінде 47 жолаушы болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол-көлік оқиғасы Алматы-Өскемен тас жолының 462 шақырымында тіркелді. Автобустың ішінде 47 адам болған. Үш адамға медициналық көмек қажет болды. Сол себепті, екі ер адам мен бір әйел Сарқан қаласының ауруханасына жеткізілді. Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР ҚК 345-бабының 2-тармағына сәйкес сот алды тергеу басталды», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Анықталғандай, автобус Алматы облысының Көктұма ауылындағы Алакөл жағалауына демалушыларды жеткізбек болған. Полицейлердің мәліметінше, жолаушылар ары қарай сапарларын жалғастырған.
Айта кетейік, қазір Талдықорған-Өскемен тас жолында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жолаушылар айналма жол арқылы қатынауда. Мәселен, бұған дейін талдықорғандықтар Алакөлге 5 сағатта жететін болса, қазір 11 сағат жол жүрулеріне тура келуде. Ал алматылықтар Алакөлге 8 сағаттық жерге қазір 15 сағат жол жүріп, жетіп жатқандарын айтады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/alakolge-bara-zhatkan-zholaushylar-avtobusy-audaryldy_a3547734