Жаңалықтар
Әлемдегі ең құрғақ шөлге қар жауды

Жер бетіндегі ең құрғақ жер болып саналатын Чилидегі Атакама шөлінде қар жауды. Бұл шөлдің кейбір аймақтарында тіпті жаңбыр да жаумайды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы осы аймақта орналасқан халықаралық ALMA обсерваториясы хабарлады.
«Сену қиын! Чилидегі әлемнің ең құрғақ шөлі – Атакаманы қар басты!» – деп жазды ALMA қызметкерлері X әлеуметтік желісінде.
Атакама шөлі теңіз деңгейінен екі мың метрден астам биіктікте орналасқан және өте аз жауын-шашын алады – кейбір аймақтарында жаңбыр 10–15 жыл бойы мүлдем жаумайды. Сондықтан мұндағы қар жаууы – нағыз табиғи құбылысқа айналды.
ALMA деректеріне сүйенсек, обсерватория маңында осындай қар шамамен он жыл бұрын жауған. Ал соңғы ірі қар 2011 жылы тіркелген – сол кезде кей жерлерге 80 сантиметрге дейін қар түскен (сұйық күйдегі 1 мм жауын-шашын 1–1,5 см қар жамылғысына тең болуы мүмкін).
Ауа райының күрт өзгеру себептері әзірге нақтыланған жоқ. Дегенмен, мұндай құбылыстар Тынық мұхитынан келетін сирек атмосфералық фронттармен немесе жаһандық жылынудың салдарымен байланысты болуы мүмкін.