Жаңалықтар
Алматыда 22 адамнан тұратын қылмыстық топ психикалық ауытқуы бар адамдар мен зейнеткерлердің үйлерін өз атына рәсімдеп, ақшасын бөліп алған
Фото: Stan.kz
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша тыңдаулар басталды. Сотта айыпталушы ретінде 22 адам отыр. Олардың арасында психикалық денсаулық орталығының бұрынғы бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, риэлторлар және қайта қылмыс жасағандар бар. Бүгінгі қаралымға Stan.kz тілшісі қатысып, жәбірленушінің туысы мен адвокаттан барлық мән-жайды сұрап білді.
«Зейнеткерлерді немесе бос тұрған пәтерлерді тауып сатқан»
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, іс Қылмыстық кодекстегі 12 бап бойынша, 37 эпизодтық іс қаралып жатыр. Алайда кейбір сот отырыстары ғана Алматы психикалық денсаулық орталығының (халық арасында «Каблуковадағы психиатриялық аурухана») дәрігерлерінің қатысуымен өтіп жатыр.
Қылмыстық істе сотталушылар жалғызбасты зейнеткерлерді немесе бос тұрған пәтерлерді тауып, оларды жөндеуден өткізіп, арзандатылған бағамен сатқан. Бүгін сотта айыпталушылар – нотариус пен оның досынан жауап алынды. Оларға алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Нотариус оның досымен осы схема арқылы жұмыс істегенін айтты. Күдіктілер бос және қараусыз қалған пәтерлерді тауып, құжаттарын рәсімдеп, оларды сатып, содан кейін ақшаны өзара бөлісті.
«Схеманы Р есімді ер адам ұсынды. Әуел баста ол бәрін ұйымдастырып, 2 жыл бойы бос тұрған пәтерді тапқанын айтты. Кейін бұл пәтер сатылған соң 12 миллион теңге ақшаны өзара бөлісіп алдық», – деді М есімді жауапкер нотариус.
Сонымен қатар сотта Р есімді такси жүргізушісінен жауап алынды. Ер адам қараусыз қалған пәтерлерді тауып, кейін нотариуспен бірге сатып жібергенін растады.
Бос пәтерлерді қалай біліп, баспана алу үшін құжаттардың түпнұсқасын қалай алғандарын айтпады. Көп эпизодтың бірі туралы жәбірленушінің туысы айтып берді. Татьяна Фирстованың айтуынша, оның бұрынғы қайын атасының пәтері заңсыз қайта рәсімделіп, дәл осылай сатылған.
«Газеттен бір адам қайтыс болды және олар мұрагерлерді іздеп жатыр деген хабарландыруды оқыдық. Нотариус М-ға (жауапкер) жүгінгенімде, бұл пәтер жалған мұрагерге сатылып кеткенін айтты. Ол әрі қарай істі жалғастудан түбегейлі бас тартты. Іске нотариус барлық жолмен араласып, біздің туыстарымызды дәлелдеуді талап етті. Ал мен барлық дәлел мен құжаттарды жинағанымда нотариус қандай да бір «өсиетнама» бар екенін айтты. Ол жалған өсиет қағазы болып шықты», – деді жәбірленуші.
“Қараусыз қалған пәтер «притонға» айналған”
Сот отырысында қария өсиетнаманы ұлының қызына жазып қалдырғаны белгілі болды. Алайда немересі шетелде оқуда болғандықтан Алматыдағы зейнеткердің үйі көршілеріне сеніп тапсырылған. Алайда белгісіз бір жағдайда үйдің есігі ашық қалған. Осылайша екі жыл қараусыз қалған пәтер «притонға» айналған. Мұны білген такси жүргізушісі әлдекімдерден пәтердің бос тұрғанын естіп, нотариуста заңдастырып алған көрінеді. Бір айдан кейін бұл сатып алушы осы пәтерді тез сатып жіберген дейді Татьяна Фирстова.
Жәбірленуші 4 жыл бойы істің ақ-қарасын анықтау үшін дәлелдер жинап келгенін және адвокатпен тығыз байланыста болғанын айтады.
«Бұл іс 3 жылдан бері жалғасып келеді. Адвокаттен жиі сөйлесіп тұрдық. Тағы бір жылы айғақтар жинаумен өтті. 2020 жылдың басында шағым түсірдім. Қазір моральдық шығыннан бөлек үйді өз атыма заңдастырып алғым келеді. Бұл қаладағы жақсы аудардың бірінде орналасқан екі бөлмелі пәтер еді. Бұған дейін жақсы капиталдық жөндеуден өткен. Біраз уақыт бойы онда неше түрлі кештер, ойын-сауық пен «жезөкшелердің» орталығына айналғаны айтылды. Міне, менде бұл шым-шытырық басталмас бұрын ең жақсы күйдегі фотолары бар. Олар үйді 18 миллионға сатып жіберген», – деді Татьяна Фирстова.
Татьяна Фирстова іс ауданнан ауданға сегіз рет тергеушілерге берілгенін айтты.
«Ал тергеу барысында бұл іске қатысты істердің көп екені, осы жолмен қаншама пәтерлер, құжаттар іске қосылғаны белгілі болды. Таңғаларлығы, тергеу барысында көптеген пәтердің құжаттары осылайша қолдан жасалғаны, бұл ұйымдасқан қылмыстық топ екені және біздің істің барлық қатысушыларының басқа да істерге қатысы бар екені анықталды. Атамыз жалғыз тұрды, бірақ көп жылдар бойы жанында күтушілері болды. Оған күтім жасаушылар ұнамаса, жиі ауыстырып тұратын. Менің ойымша, күтушілірінің бірінің осы іске қатысы бар. Себебі сотталушы ол үйдің кілтін қайдан алады? Өйткені олар қарияның тамағын әзірлеп, тазалықты реттеп жүретін. Әжеміз 2015 жылы қайтыс болып кетті. Ал атамыз 2020 жылы көз жұмды. Біз шетелде болғандықтан соңғы сапарға сол жердегі күтушілердің бірі шығарып салды. Жалпы айтқанда, пәтердің нағыз иесі – әжеміз Лариса Губанова болған», – деді жәбірленуші.
Сотталушылар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар, алаяқтық жасады, тіпті адам ұрлады деп айыпталып отыр. Айта кетейік, іс бойынша айыпталушы дәрігерлерден әлі жауап алынған жоқ. Іс көлемді, оны қарау ұзақ мерзімге созылады деген күдік бар.
“Қажетсіз куәгерлердің көзін құртып отырған”
Бұған дейін қоғам қылмыстық іс сотта қарала бастағанын отбасы және мұрагерлік құқық бойынша маманданған заңгер Ренат Қадыровтың желідегі жазбасынан білді. Ол «ұйымдасқан қылмыстық топ он жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде психикалық науқастарды ұрлап, бас бостандығынан және мүлкінен айырғанын» айтты.
«Ұйымдасқан қылмыстық топ схемасының әшкереленуі қоғамды дүр сілкіндірді. Олар алдау және сенімге қиянат жасау арқылы аса ірі көлемдегі қылмыстарды жасаған. Мүлікті жымқыру мақсатын ойлаған қылмыстық топ жан-жақты ойластырылған жоспар құрған. Олар ұрланған психикалық ауытқуы бар науқастарды жылжымайтын мүлікті заңсыз тіркеу үшін «қуыршақ» ретінде пайдаланған. Олардың әрекетіне мына іс айқын мысал болады. Топ психикалық ауру әйелдің қайтыс болған әжесіне тиесілі жылжымайтын мүлікті, оның атына уақытша, ресми және заңсыз рәсімдеп алған», – деп жазды Ренат Қадыров.
Заңгердің сөзінше, бұл топ өздерінің «қолдан жасалған» нотариустарын пайдалана отырып, дүние-мүлкін әлдекімдердің атына тіркеген. Осылайша олардың ізін жасырып, қылмыстық әрекеттерін заңдастырған. Бұл оларға құқық қорғау органдарының күдігін тудырмай, жылжымайтын мүлікті бақылауға алып, билік етуге мүмкіндік беріп отырды. Қылмыстық топқа 22 адам кірген: дәрігерлер, нотариустар және бұрын сотты болғандар. Дәрігерлер ұрлықты жүзеге асыру үшін кәсіби білімі мен пациенттердің қолжетімді болып тұрғанын пайдаланған. Ал нотариустар заңды қорғауды қамтамасыз еткен. Сөйтіп бұрын қылмыс жасағандар мәжбүрлеуші ретінде әрекет етіп, жәбірленушілерді физикалық түрде ұстап, қажетсіз куәгерлердің көзін құртып отырған. Топтың қылмыстық әрекеттері тек мүлікті ұрлаумен шектелген жоқ. Қылмыстық әрекеттері барысында олар расталған екі кісі өлтіру қылмысын жасады. Бұл кісі өлтірулер іздерді жасыруға және ықтимал куәгерлерді қорқытуға бағытталған.