Алматыда ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
ІІМ мәліметінше, 8 мамыр күні полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстаған. Олардың арасында бұрын сотталған адамдар да болған. Күдіктілер қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және қару-жарақтың заңсыз айналымы секілді бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілінді.
Тергеу барысында 21 санкцияланған тінту жүргізіліп, көптеген қару-жарақ пен тыйым салынған заттар тәркіленді. Күдіктілердің бірінің үйінен Калашников автоматы, кесілген мылтықтар және оқ-дәрілер табылған. Аталған қарудың Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаменті ғимаратынан ұрланғаны анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот олардың қамауда болуын санкциялады. Полиция қосымша қылмыс эпизодтарын және басқа да қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.



