Жаңалықтар

Алматыда Халықаралық цифрлық форум өтеді

Фото: ашық  дереккөз

Алматыда 2025 жылдың 31 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Digital Almaty 2025: «Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар» атты халықаралық цифрлық форумы өтеді, деп жазды qandastar.kz

Жетекші халықаралық алаңда ЕАЭО елдерінің инновациялық даму келешегі мен цифрлық күн тәртібін талқылау үшін ЕАЭО елдерінің мемлекеттік қайраткерлері, жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлер бас қосады. VII форум аясында Industry 4.0 AI Battle – жасанды интеллект саласында үздік стартап үшін ауқымды сайыс, ІТ-экожүйе саласындағы жобалар туралы тәжірибе алмасып, ақпаратты бөлісетін ірі қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар, өнеркәсіптік стартаптар, технопарктер, технологиялық компаниялардың көрмесі жоспарланған.

Digital Almaty-2025 өнеркәсіптегі түбегейлі өзгерістер мен жасанды интеллектің жаһандық индустрия келешегіне ықпалына арналады. Қазіргі кезде АІ технологиялары өндірістік процестердің тиімділігі, қауіпсіздігі және тұрақтылығының негізгі драйверіне айналып келеді. Industrial AI әлеуетін күрделі өндірістік тізбектерді автоматтандыру, болжау және оңтайландыру үшін қолдану өнеркәсіп секторын интеллектуалды басқаруда жаңа  мүмкіндіктерді ашады. Цифрлық әлеммен таныстыратын екікүндік шараға 40 мыңнан аса адам қатысады деп күтілуде.

«VII Digital Almaty жасанды интеллектті өнеркәсіптік экожүйелерге; экономика мен қаржыға; ESG-ге; медицинаға, білімге және киберқауіпсіздікке интеграциялау тақырыптарын ашатын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынады. Яғни, форум алаңында «ақылды» фабрикаларды дамытуды, Industry 4.0 шеңберінде жаңғырту мен автоматтандыруды қоса алғанда, өндірістерді трансформациялауға болатын AI-шешімдер ұсынылатын болады», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Әлемдік сарапшылар мойындаған Digital Almaty өткен жылы өз алаңында 300-ден астам спикердің басын қосты. Басқа мемлекеттер тарапынан еліміздің цифрлық шешімдеріне айтарлықтай қызығушылық бар. Бұған шет елдерден 70-ке жуық сарапшының, оның ішінде бірқатар мемлекеттің цифрландыру министрлері келіп, панельдік пікірталастарға қатысуы дәлел. Іс-шара қонақтарына арналған пікірталас алаңдарымен қатар 230-ға жуық отандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ цифрландыру бойынша жетекші халықаралық сарапшылардың цифрлық жобалары ұсынылған көрме жұмыс істеді.

Digital Almaty-2024 алаңы серіктестікті алға қою және цифрландыру саласында тәжірибе алмасу үшін зор мүмкіндік болды. Мұнда B2B форматында 60-қа жуық кездесу және жер қойнауын пайдаланушылар мен стартаптар арасында 50-ден астам питчинг өтті.

Форумның үш күнінде бары 30-ға жуық меморандумға қол қойылды. Freedom Holding Corp. Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясымен меморандумға қол қойды. Форум барысында Тимур Турлов «Арал теңізін қолдауға арналған Эко-карта» жобасын ұсынды. Жобаның негізгі идеясы – жойылып бара жатқан теңізді құтқару қорына 10 пайыздық кэшбек аударып отыру.

Форумның соңғы күні Digital Almaty-2024 алаңында жалпы жүлде қоры $180 000 болатын ең ауқымды Industry 4.0 Startup Battle өтті. Финалға 200 өтінім ішінен 30 стартап өтті. Олар баттл серіктестерінің жүлделі марапаттары үшін бақ сынасты. Үздік жобаларды мемлекеттік органдар, венчурлік инвесторлар, трекерлер, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар (KazPetrol, Kusto Group, KazMinerals, Karachaganak Petroleum) арасынан кәсіби мамандар таңдап, қазылық етті.

Еске сала кетейік, Digital Almaty ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close