Әдебиет
Алматыда «Сұлубайдың әні» жарық көрді
Ақын ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ ЖАҢА КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында «Ер-Жәнібек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Оспан батырдың 120-жылдық мерейтойы аясында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Абай, Махамбет сыйлықтарының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Автордың «Сұлубайдың әні» атты кітапта осы аттас поэма мен «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» атты Қытай халық республикасындағы қандастарымыз тұратын аймақтарды аралағанда жазылған жырлары енген.
«Сұлубайдың әні» — тағдырлы да, талантты шығарма. Ұлт-азаттық күрестің алдыңғы шебінде болып жау қолынан опат болған ақын, батыр Сұлубай Сапыұлының тағдыры мен артында қалған әні туралы айта отырып, сол мемлекеттегі бүгінгі қазақ жайын меңзейді.
«Қытайдағы қазақ мәселесі… Жалғыз қазақ емес, кіші ұлттар жағдайы. Екі-үш жылдың көлемі болды бізге жетіп жатқан түрлі хабарлар жаныңды жылатады, жүрегіңді сыздатады.
Тәңіртаудан Өр Алтайға дейінгі аралықтағы қандастарды анабір жылдары аралағаным бар. Арғы беттегі ағайынмен емен-жарқын сырласып, бір ақсайран күндерді бастан кешіріп едім. Сол сапар Ақыт қажының басына құран оқып, Зуқалардың басын ілген Қаракөпірді де көргем… Талай дос тапқам, сырласқам, сыйласқам.
«Сұлубайдың әні» — атты шер-дастан ақынның жан айқайы, сезім шырылы деп қабылдарсыздар. Оспан батыр көтерілісіне қатысып, ажал құшқан арыс ақын Сұлубай Сапұлының әйгілі әні сезіміңді сергелдеңге салып, жаныңды тербейді.
…Қайқая шапқан Қарагер,
Қайырлар ма екен қайран ел»,-
Поэманы жазу барысында осы әнді сан мәрте тыңдадым. Тыңдадым да көзімнің жасын тыя алмадым. Сұлубайдың әні Алтай таудан еміс-еміс құлаққа жетіп, санада жаңғыратындай. Бүгінгі күннің сұрағы да: «қайрылар ма екен қайран ел?..»,-дейді кітап авторы Ғалым Жайлыбай.
Аталмыш кітаптың төрт тілге аударылып, жарыққа шығуына «Ер Жәнібек» қорының басшысы, қайраткер азамат Жеңіс Түркия демеушілік көрсеткен. Тұсаукесер рәсімін қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.
Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Ғалым — өлеңді де, дастанды да жаңадан бастап жатқан жоқ. Бірақ, бүгін тұсауы кесілгелі отырған жинақтың мінезі басқа. Сұлубайдың әні… Бұл біз бала кезден жаттап өскен өлеңнің аты-ғой. Сондықтан, жүрекке ыстық тиеді. Осынау, бірегей туындысының жарыққа шығуымен құттықтаймын. Жазарың көп болсын!»,-деп ағалық тілегін білдірді.
«Біз Оспан батырды жақсы білеміз, ерлігін таныдық. Ал, бірақ Сұлубай деген кісінің атын бірінші рет естіп отырмын. Бүгін бізге Ғалым сол Сұлубайдың есімін танытып отыр. Бір автордың кітабын, төрт тілге аударып шығару деген дәстүрімізде жоқ нәрсе. Ал оның өзі атап өтетін, үлкен еңбекті көрсетеді»,-деп пікір білдірді Марал Ысқақбай.
«Денсаулығым жоқ, ауырып жатыр едім, дәрімді қабылдап келдім. Өйткені, мынау үлкен оқиға болғаннан кейін, келмеуге болмады. Қуанышты бөліссең көбейеді. Барлығымызға ортақ қуаныш. Бұл Ғалымның ғана емес, қазақ поэзиясының мерейі. Ақынсымақтар көбейіп кеткен заманда осындай тұлғалардың еңбегі жарыққа шығуы үлкен тағлым»,-деп ақ тілегін білдірді, жазушы Сәбит Досанов.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Сұлубайдың әні» шығармасының төрт тілге аударылуы- әдебиетімізге қосылған үлкен үлес деп ойлаймын. Онсыз да, біздің Ғалымның поэзиясы — сұлу поэзия. Ал оның мына кітапты «Сұлубайдың әні» деп атауының өзінде үлкен мән бар. Мұнда Оспанның да, Сұлтанның да тағдыры бар. Қазақтың бөліп жаратын тарихы жоқ. Сол тұтас тағдырдың үлкен кесек көрінісіндей етіп, әдебиет әлеміне алып келген Ғалымға ризашылығымыз зор»,-деп оң бағасын берді.
Кітаптың тұсаукесеріне келген оқырман қауымға Ғалым Жайлыбайдың жаңадан жарық көрген «Сұлубайдың әні» кітабы тегін таратылып, автордан қолтаңба алды. Айта кетейік, кітап Алматыдағы «Palitra Press» баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрген.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
(Суреттерді түсірген автор)
Мақала http://kazgazeta.kz/?p=82880 сайтынан алынды.