Білім
Алматыдағы ҚызПУ студенттері әйелдердің құқықтарын қорғау реформаларын қолдады

Фото: Жаңа адамдар
Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде білім алып жүрген «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері әйелдердің құқығын қорғауға бағытталған заңнамалық реформаларды қолдап, ерекше акция ұйымдастырды, деп жазды qandastar.kz
Студенттер жатақхана балкондарында «Бүгін мен Қазақстанда сталкингтен қорғалғанмын», «Бүгін мен Қазақстанда “Алып қашудан” қорғалғанмын», «Бүгін мен Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғалғанмын» деген жазуы бар қолөнер баннерлерін іліп қойды. Әр жазбада ҚР Қылмыстық кодексінің нақты баптарына сілтеме жасалған.
2024 жылы некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп (ҚР ҚК 125-бабы), тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауаптылық күшейтілді. Сондай-ақ ІІМ құрамында әйелдерді қорғауға арналған арнайы басқарма құрылды. Жуырда Қылмыстық кодекске сталкингке қатысты жаңа 115-1-бап енгізілді.
«Жаңа адамдар» белсендісі, ҚызПУ студенті Аяулым Шапенова:
– Бүгін мен Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезіне аламын. Біз ілген баннерлер қоғамда әйелдің рөлін заңмен қорғалғанын көрсетеді. Бірақ құқықтармен бірге жауапкершілікті де ұмытпауымыз керек. Әр адамның жеке жауапкершілігінен қоғамда тәртіп орнығады, – деді.
Соңғы жылдары қабылданған заңнамалар Қазақстанда әйелдердің құқықтық қорғалу деңгейін арттырып, зорлық-зомбылық пен дискриминацияға қарсы берік құқықтық негіз қалыптастырды.