Қаржы және төлемдер

Amanat олигархтары. Депутаттың бизнес қабілеті Антикорды да қызықтырды — DALA INSIDE дереккөзі

Фото:Dalanews.kz

Amanat партиясы депутатының фирмасы Атырау облысында 141 тендерді жеңіп, 15 миллиард теңгеге мемлекеттік келісімшарттар алған. Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов құрылтайшы болып табылатын “БатысАльянсСтрой” компаниясы 2016 жылдан бері Атырау аумағында сұмдық белсенділік танытуда, деп жазды qandastar.kz

Келісімшарттардың басым бөлігі Атырау облысындағы қала құрылыс басқармасы мен түрлі аудандық әкімдіктермен жасалған, деп хабарлайды Dalanews.kz DALA INSIDE арнасына сілтеме жасап.

Дереккөз мәліметінше, қазіргі таңда фирманы есім-сойы мен әкесінің аты сәйкес келетін Жанабай Жұбанов басқарып отыр.

«Әрине, Мәжіліс депутатының өзі бизнес басқара алмайды. Жақын туысына беріп қояды. Бірақ тұтастай алғанда бәрібір оның беделі, таныстығы, сөзі бизнестің жүруінде үлкен рөл ойнайды. Қазір Антикор депутаттардың бизнесін, жүріс-тұрысын бір көзімен бақылап отыр. Әділ Жұбанов ерекше мониторингке әлдеқашан ілінген», — дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Арна ұсынған ақпаратқа сүйенсек, болашақта Мәжіліс депутаттарының бизнесіне аудит жүруі мүмкін.

“Қазір мұндай идея Үкімет қабырғасында бейресми талқылануда. Себебі, Парламент қабырғасында жүрген халық «қалаулыларының» басым бөлігінің артында бизнес бар. Бірер жыл бұрын, депутаттардың жалақысының өсуіне мораторий жарияланғаны есте. Бірақ жалақымен күн көріп жүрген бір де бір депутат байқалмайды”, — дейді DALA INSIDE телеграм арнасы.

Әсіресе Amanat партиясының депутаттары билікке жақындығын алыс өңірлерде тыныш монетизациялап жатқаны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Енді кешенді тексеріс басталуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын қатаң сынға алған еді. Сәрсенбі күні өткен Мәжіліс отырысында депутат қордың экономикалық дамуға кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді.

«Басқару мен сатып алудағы жүйелік теңгерімсіздіктер жойылмайынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры экономикалық дамудың қозғаушы күші емес, тежегіші болып қала береді», – деді мәжіліс депутаты Әділ Жүбанов сәрсенбі күні өткен отырыста.

Оның айтуынша, 2008 жылы құрылған бұл қор бастапқыда дағдарысқа қарсы саясаттың стратегиялық институты әрі ұзақ мерзімді экономикалық өсудің драйвері ретінде жоспарланған.

«Алайда іс жүзінде қордың қызметі қоғамда экономикалық тиімділігі мен ашықтығы тұрғысынан сенімсіздік тудырып отыр», – деп мәлімдеді Жүбанов.

Депутаттың айтуынша, қор құрамындағы компаниялар нарықтық экономикаға белсенді араласады, бұл олардың артықшылықты жағдайымен байланысты.

«Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай электрондық базасының мәліметі бойынша, 2024 жылы «Самұрық-Қазына» тобының сатып алуларының 60%-дан астамы бір көзден жүзеге асқан. Мұндай тәжірибе нарық қағидаттарына қайшы келеді және коррупциялық тәуекелдерге жол ашады, монополияға себепкер болады», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, 2024 жылы Қазақстан Transparency International ұйымының жемқорлықты қабылдау индексінде 180 елдің ішінде 90-орында тұр.

Жүбановтың сөзіне қарағанда, қордың негізгі активтері – «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», KEGOC – қаржылық көрсеткіштерінің төмендеуіне және қарыз жүктемесінің артуына тап болған. Сонымен қатар, айқын трансформация стратегияларының жоқтығы да сынға іліккен.

Ол «Самұрық-Қазынаны» бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға бағытталған, жеке сектор үшін тартымды платформа ретінде қайта құруды ұсынды.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close