Жаңалықтар

Астана тұрғыны 36 млн теңге несие ресімдеп, алаяққа аударып жіберген

Фото: Рolisia.kz

Күдіктінің үйін тінту кезінде 3 ұялы телефон, симбокс аппараты, арнайы ноутбук және көп мөлшерде бір реттік SIM-карталар, түбіртектер тәркіленді, деп жазды qandastar.kz

Елордада қылмыскер көршілес Ресей еліндегі сыбайласымен бірге бір реттік SIM-карталар шығаратын компания ашып, адамдарды алдағаны мәлім болды.Күдікті жәбірленушіге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде айтып алдайды. Ол қала тұрғынына арнайы шот ашуға, алты түрлі банктен несие рәсімдеуге көндіреді. Сеніп қалған жәбірленуші 36 млн теңгеге жуық кредит рәсімдеп, күдіктінің шотына жібереді.

«Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде интернет-алаяқтығы бойынша қылмыс жасаған 37 жастағы азамат ұсталды.

Күдіктінің үйін тінту кезінде 3 ұялы телефон, симбокс аппараты, арнайы ноутбук және көп мөлшерде бір реттік SIM-карталар, түбіртектер тәркіленді. Бұл құралдар қылмыскерге көп адамға хабарласуға, олардың жеке деректерін алуға және қаржылық алаяқтық жасауға мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның тағы 4 ірі алаяқтық қылмысына қатыстылығы анықталуда», – делінген хабарламада.

Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады. Жеке және қаржылық мәліметтерді бейтаныс адамдарға ешқашан бермеңіз, банктерден немесе мемлекеттік органдардан келген қоңырауларды мұқият тексеріңіз, күмән туындаса ұйымның ресми байланыс нөмірлеріне хабарласыңыз.

Интернет алаяқтықтың құрбаны болған немесе күдікті жағдайға тап болған жағдайда, сізге белгісіз шоттарға ақша аудару туралы өтініш түссе, құқық қорғау органдарына жедел хабарласыңыз.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close