Астана қалалық мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиевтің даулы мәлімдемесін Ішкі Істер министрлігі ресми түрде жоққа шығарды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі bairaqmedia.kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетсек, Талғат Ерғалиев Астанадағы Сарыарқа ауданын қылмыс санымен әлемге танымал болған Каракас пен Преториямен салыстырған болатын.
«Сарыарқа ауданында жыл сайын 35 адам өлтіру, 26 зорлау, 546 есірткі қылмысы тіркеледі. Демек, әр 10 күнде – бір адам өлімі, әр 15 күнде – бір зорлау, күніне 6 ұрлық, 2 есірткі қылмысы жасалады. Күн сайын бір тонау немесе бұзақылық болады», — деді депутат.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәслихат жиынында депутаттың айтқанымен келіспейтінін айтып, ескерту жасады.
Кейін Талғат Ерғалиев мұндай деректі Maksut Narikbayev University және “Майн” сараптамалық орталығының зерттеулерін алғанын айтты. Кейін жаңылысқанын түсініп, кешірім сұрады.
Бүгін Ішкі Істер вице-министрі Санжар Әділов егер депутаттың үстінен “жалған ақпарат тарату” бабы бойынша шағым түссе, оны тіркеуге алатынын мәлімдеді.



