Жаңалықтар

Астанада журналист Лұқпан Ахмедияров ұсталды

Астанада белгілі журналист Лұқпан Ахмедияровты полиция ұстап әкетті, деп жазды qandastar.kz

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Instagram желісінде тікелей эфирге шығып, полицияның оған қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлағанын айтып үлгерген. Журналист өзінің ұсталуына Батыс Қазақстаннан ер адамдарды жұмысқа жібереміз деген сылтаумен Ресейге апарып, кейін Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойғызуға мәжбүрлейтіні жайлы жариялаған жазбалары себеп болғанын айтады.

Астана қалалық полиция департаменті журналистке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Тергеудің басталуына Орал қаласының тұрғынының арызы негіз болған. Қылмыстық іс «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша тіркелген.

«Қылмыстық іс аясында азамат А тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полицияға жеткізілді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.

Кейінірек Лұқпан Ахмедияровтың өзі полиция тергеуінен шыққанын, тергеу ертең жалғасатынын мәлімдеді.

“Өкінішке қарай, тергеу мәліметтерін айтуға құқығым жоқ. 274-баптың 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ғана айта аламын. Мені қорғануға құқығы бар куәгер ретінде полицияға күштеп жеткізді. Әрине, мен наразылығымды айттым», – деді тергеуден шыққаннан кейін Лұқпан Ахмедияров.

Айта кетейік, Лұқпан Ахмедияров – қазақстандық саяси журналист, қоғам белсендісі, тәуелсіз «Уральская неделя» газетінің бұрынғы бас редакторы.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close