Елімізде Астанаға қарай қоныс аудару үдерісі күшейіп келеді. Бұл туралы журналист Жазира Бегалы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оның айтуынша, биыл республика бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі елордада салынған. Астанада 5 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, баспанаға сұраныстың жоғары екенін көрсетіп отыр. Қала халқының саны 1 миллион 600 мың адамға жеткен.
Журналист Астанадағы тұрғын үйлердің бөлмелері кең әрі бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді екенін атап өтті. Құрылыс компанияларының жарнамасы да өңір тұрғындарының қызығушылығын арттырып отыр. Қала қарқынды дамып келеді.
«Алайда Мемлекет басшысы таяуда елордада болған тұрғын үйдің сыртқы қаптамасының опырылуы мен лифттің құлауы сияқты екі қайғылы оқиғаны атап өтіп, құрылыс саласында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы керектігін ескертті. Президент Үкіметке құрылыс нысандарын жобалаудан бастап, дайын үйді қабылдауға дейінгі барлық үдерісті цифрландырып, тәртіп орнатуды тапсырды.
Сондай-ақ аймақ әкімдеріне елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, нысандардың жай-күйін тұрақты бақылауға алу міндеті жүктелді. Президент құрылыс нысандарында жұмысшылардың жарақат алу деректерінің жиілегеніне де тоқталды. Биыл Астанада өндіріс орындарында 32 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкіміне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, оқыс оқиғалардың себептерін зерттеп, қауіпсіздікті күшейту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды», — деді ол.
Жазира Бегалы елорданың әлеуметтік инфрақұрылымына да тоқталды. Соңғы бес жылда Астанада 75 мектеп салынған. Қазіргі таңда мектептерде орын тапшылығы жоқ. Дегенмен Мемлекет басшысы болашақта қалада 28 мың оқушыға орын жетіспеуі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар Астананың экономикалық көрсеткіштері де жоғары. Oxford Economics-тің 2025 жылғы индексінде Астана Азия қалалары арасында 36-орынға, ал әлем бойынша 276-орынға жайғасып, өңірдегі бірқатар ірі қалаларды басып озған.



