Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешенінде ірі көлемдегі жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық анықталды, деп жазады qandastar.kz
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, сатылым кеңсесінде клиенттерге заңды мәміле жасалып жатқандай көрсету үшін арнайы макеттер, сенімхаттар, анықтамалар мен техникалық паспорттар көрсетілген. Мұның бәрі компания атынан жүргізіліп жатқандай әсер қалдырған.
Клиенттерге пәтерлер, автотұрақ орындары мен коммерциялық нысандар төмендетілген бағамен ұсынылған. Алайда олармен нақты сатып алу-сату шарттары емес, тек еш күші жоқ алдын ала келісімдер жасалған. Бұл құжаттар мемлекеттік органдарда тіркелмеген.
Алданған азаматтар ақшаны қолма-қол немесе күдіктілердің жеке шоттарына аударып отырған. Компанияның ресми құжаттарында олар мүлде көрсетілмеген.
Барлығы 76 нысан заңсыз сатылғаны белгілі болды. Жалпы алаяқтық схемадан келген жалпы шығын 7,9 млрд теңгені құрады.
Соттың санкциясымен 94 пәтер, 51 паркинг орны, 8 коммерциялық нысан және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауда.



