Жаңалықтар
АСЫҚ ОЙНАҒАН ОЗАР
Асық ойыны – баланы жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке тәрбиелеген. Бұл ертеден келе жатқан ойын түрі. Көше-көшеде шуласып, шұбырып ойнайтын асық ойыны бүгінде қайта жаңғырып өз алдына спорт түрі болып қалыптасты.
Елде асық атудан көптеген жарыс ұйымдастырылып, кәсіби машықтанған азаматтардың да қатары көбейді. 7 жылдан бері асық иіріп жүргендердің бірі елордалық Айбек Амангелді. Оның бұл спортқа келуі де қызық. Асықшы наурыз мейрам қарсаңында қала көшелерінде асық ойнап жүріп мергендігімен қала бапкерлерінің көзіне түскен. Содан бері асық атумен тұрақты түрде айналысып, қазіргі таңда ұлттық құрама намысын қорғап келеді. Айбек Амангелді, асық атудан ұлттық құрама мүшесі: – Ең бірінші мешітте ойнап көзге түскем.
Сол кезде Ескендір Рахметов шақырды. Содан бастап міне 7 жыл болыпты ойнап жүргеніме. Өзіме ұнайды. Бала кезде ойнағанмын. Ептілікке тәрбиелейді, көзді жақсартады. Мысалы жаттығуға келеміз ойнаймыз, денеміз қызады, денеміз созылады. Өзімізге жақсы моторикамыз оянады. Көз, қол, жүгіреміз денсаулыққа пайдалы. Айбек бес табан ойынынан ҚР кубогының 2 дүркін жеңімпазы, 2 мәрте Қазақстан чемпионы, республикалық Кейкі мерген турнирінде де қарсылас шақ келтірмей тұғырдың алғашқы сатысынан көрінген. Бес табан ойыны көрер көзге оңай болып көрінгенмен өзіндік қиыншылықтары бар.
Асық атудан қалалық федерация президенті Ескендір Рахметовтың айтуынша бес табан ойыны ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, қарсыласына деген сыйластыққа тәрбиелейді. Екі адам 3 таймнан ойын өткізгенде 7-8 шақырым жерді жүгіріп өткендей болады дейді. Ескендір Рахметов, Астана қаласының «Асық ойыны» федерациясы президенті: – Екі жігіт 15 минуттан екі тайм ойнайды. Ал тең боп қалған жағдайда 3-ші 15 кетеді. Яғни 45 минутта 2 жігіт 7-8 шақырымды жүріп тастайды. Оның ішінде қолды сермеп ұрады. Есеп тең болған кезде 6 да 6 болған кезде қобалжиды. Сол қобалжуды жеңген адам жеңіске жетеді. Олар мерген ойыншылар. Айбек Амангелдінің ендігі мақсаты күзде өтетін көшпенділер ойындарынының қатысушылар құрамына еніп, көк туымызды желбірету. Байрақты бәсекеде қазақтың бес табан және бес асық ойындарынан 1 медаль жиынтығы, қырғыздың ордо ойынынан 1 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жомарт Оразов – ҚР Асық ату спортынан мемлекеттік жаттықтырушы: – 5-ші көшпенділер ойындарына асық атудан Қазақстан құрама командасы дайындықты бастап кетті. Ақпан айында 1 оқу жаттығу жиындары өтті, Алматы қаласында. Ары қарай бізде Бурабайда, Түркістан облысында, Қырғызстанда Шолпан атада, соңғы оқу жаттығу жиындарымыз Астана қаласында жоспарланған. Бәрі жоспар бойынша басталды. Дайындық жаман емес қазір. Ұлттық құрамының ішінен іріктелініп алынады, кімнің дайындығы жақсы, кім дайындығы мықты. Сол ойнайтын болады. Көшпенділер ойындарының бағдарламасында 20 спорт түрі бар.
Асық ату қазақтың қанына сіңген өнер болғандықтан, өзге спорт түрлеріне қарағанда бәсі биік, алтынға үмітті спорт түрі. Алтынның жолында асықшыларымыз аянбай еңбек етуде. Оған бізде куәміз, сізде куәсіз