Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Ауыл кәсіпкері Елдос Сметовке 100 бас жылқы сыйлады
Фото: Сали Сабиров
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы атанған Елдос Сметовке ақтөбелік кәсіпкер Ануар Маханов 100 жылқы сыйламақ, деп хабарлады turkystan.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.
Париж Олимпиадасында 60 келі салмақта сынға түскен Сметов қарсылас шыдатпай, чемпион атанды. Бұл жеңіс күллі қазақ халқын қуантпай қоймады. Ал бүгінде батырын ұлықтауға асыққан адамның санында есеп жоқ.
Солардың бірі – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылының тумасы Ануар Маханов.
Маханов көптеген қазақ жанкүйері сияқты Елдостың жеңісіне ерекше қуанып, чемпионға 100 бас жылқы сыйлайтынын айтты. Ол Париждегі қазақ батырымен тікелей сөйлесіп, сыйлығын дайындап қойғанын да жеткізген.
«Елдос – нағыз қазақ батыры. Ол осы алтынға жету үшін өз жастығын сарп етті. Ата-анасының, қалың елдің үмітін ақтап, жарақатына, көптеген қиындыққа қарамастан, еліміздің байрағын биіктетті. Бізде толып жатқан Олимпиада чемпионы жоқ, сондықтан Елдос батырымыз қандай құрметке де лайықты. Өзім ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, 100 жылқы тарту етемін», – дейді асыл тұқымды жылқы асыраумен айналысатын кәсіпкер Ануар Ақмырзаұлы.