Жаңалықтар
«Балаңа кесіріңді тигізбесей»: Белгілі продюсер Ақбота Керімбекованы ұлымен бопсалады
Фото: ашық дереккөз
Qazaqstan ұлттық арнасында 13 жұп өзара бақ сынайтын «Жұлдызды жұп» бағдарламасының көрермендерге жол тартқаны көп бола қойған жоқ. Сонда да басталмай жатып, бағдарлама төңірегінде шу шығып үлгерді. Танымал әнші Ақбота Керімбекова өзінің әлеуметтік парақшасында Qazaqstan телерадио кешенінің басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жасады, деп хабарлады Qandastar.kz.
«Бүгін Qazaqstan ұлттық арнасының «Жұлдызды жұп» жобасының кезекті түсіріліміне Алматыдан Астанаға ұшып келдік. Біраз бұрын бағдарламаны ұйымдастырушылар маған хабарласып, SAAD мейманханасына бөлме броньдалғанын айтты. Сол жаққа барсам, «сізге орын броньдалмаған» деп тұр.Бірден жауапты қыздарға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, өзімнің қатты ауырып келгенімді, мәселені тезірек шешуін сұрадым. «Басқа жерге ауыссаңыз» деді. Көшіп-қонып жүруге шамамның болмай тұрғанын айтып, сәл назымды жеткіздім. Бір кезде аты-жөні жоқ, жоба продюсері, «әйгілі» Динара Адам хабарласып, жекіп, «я устала уже от всех этих капризов, все ваши капризы у меня выше голова стоят. Хочешь, уходи на х*р из этого проекта». Бұл оның айтқаны. Дәл осылай!» – дейді Ақбота Керімбек.
Ол «қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деп отыр. Ұлт болғалы маңдайымызға бұйырған жалғыз ұлттық арнамыздың маңдайалды жобаларына Алаш түге, адамның қадірін білмейтін, бірде-бір рет қазақша ойланып, ой қорытып көрмеген біреулер жетекшілік еткен соң, көрген күн осы екен дейді.
«Қазір қоғамда төл арналарымыздың осы тектес музыкалық жобаларына сын көп. «Тұрқы жоқ әнші, сұрқы жоқ сөз, ұлты жоқ ән қаптады» деп өкпелейді халық. 30 жылға жуық қазақтың ғана әнін айтып, сахнада жүрген әншілерді осылай «послать» ете берсе, ән өнеріне қызмет етуге кімде құлық болады дейсіз? Жеке өзіме бұл жоба түк те қызық емес, тек, «мен болмасам, кім? Өз авторларымның туындылары халыққа жете берсін. Жасымды, жолымды пұлдап мен қатыспасам, менің орыныма шөпті де, шөңгені де өлең ғып жүрген біреу табылады ғой» деген оймен шақыруларына келісім бергенмін. Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюссерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегенмін. Өзге елден келетін «әйдік» әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?!», – дейді әнші.
Сосын, байқаймын, осындай ақшалы жобаларды тек осы Динара Адам ұтып алады. Бұған дейін не ұлттық арнаға, не ұлтқа берері бар жобасы болмаса да!.. Бұл күмән тудырмай ма? Жалпы, телеарна жариялайтын тендерді ұтып алудың ресми, бейресми жолдары қандай? Бұл жобаға қанша бөлінді, одан қатысушыларға қаламақы, дұрыс жатын орын қаралмаса, онда, мемлекет қаржысы қайда кетіп жатыр? Қазақы әншілерді «мамбет» санайтын, Қазақ руханиятына қосқан титімдей үлесі жоқ Динара Адамға бар жобаны ұтып ала беретін күш қайдан, қалай біткен, осыған дейінгі атқарған жұмыстарының есебі қандай деген сауалдар да мені ойландыра бастады. Сосын, ең ұлы режиссерлерді дайындайтын Кельндегі университетте профессор болған Болат Атабаевтың туған жерінде ұлттық арнаның бір музыкалық жобасын жасай алатын режиссер жоқтай, осы Динараның шешімімен Ресейден, Украинадан, т.б. шет елден режиссерлердің келіп, халықтың бәленбай ақшасын қалтасына басып, біздің өнерге жасап жүрген «қызметін» қай деңгейде бағалауға болады деген сұрақ та менің көкейімде тұр. «Спортымызды легионерлер құлдыратты» деп зар қақсап жатырмыз, ал теледидарымызды ше?..
Осы ретте, мен, көп әртістің «аузының ұшында» жүрген сауалды, осы өз үндеуімді Ұлттық арнаның басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға тікелей жолдағым келеді. Қаржылық бөліністер мен оның орынды, тиімді жұмсалуы бойынша тексеруші органдарға да осы үнім жетсе деймін! Құрметпен, Ақбота Керімбекова», – делінген хабарламада.
Ақбота Керімбекова осы жағдайға байланысты ұлына хабарласып, қыр көрсеткендерін мәлімдеді.
«Қолдап, үн қосып жатқан әрқайсыңызға алғысым шексіз! Ана жақта Динаражан балама хабарласып, «мамаң көп болса 3 күн шулатар, ал мен қанша жоба жасаймын, сенің жолыңды жаппасын да» деп айтады дейді. Бағана да «балаңа кесіріңді тигізбесей» деп маған қыр көрсеткен. Қоғамда «неге шын таланттар танылмайды, тасада қалып қояды?» деген сауал көп. Жауабы – осы! Талантты адамдарда Құдай жаратқан мінез болатыны аян! Сөйтіп жүріп, біреуге ұнамай қалсаң, жолың өмірлікке жабылады. Көн, көнбе, сен, сенбе, жағдай – осы!», – деп жазды әнші.
Айта кетейік, белгілі әнші өзінің әлеуметтік парақшасында Алматыдан Астанаға ұшып кеткенін де жариялаған.