Жаңалықтар
Басқарма төрағасының өзі күтіп алған: Астанадағы ХҚКО-да ресейлік продюсерге көрсетілген құрмет желідегілерді ашуландырды

Видеодан скрин
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі ресейлік продюсер Яна Рудковскаяның Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) келгені туралы жазба жариялады. Жарияланған видеодан Рудковскаяны мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің өзі жеке қарсы алғанын көруге болады. Видео көпшіліктің ашуын туғызды, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рудковскаяның айтуынша, ол Астанадан пәтер сатып алу үшін мемлекеттік қызметке жүгінген.
«Бүгін астаналық ХҚКО-да әйгілі продюсер, self-made woman Яна Рудковская қонақта болды. Қазақстанда туған шоу-бизнес жұлдызы мемлекеттік қызметке жүгініп, еліміздегі цифрландыру мен сервистің жоғары дәрежесін ерекше атап өтті. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Яна Рудковскаяны ХҚКО-да қарсы алды. Айта кету керек, ол өзінің электронды кезегін алдын-ала брондаған», – делінген ХҚКО жариялаған алғашқы жазбада.
Қазақстандықтардың көпшілігі ресейлік продюсерге ерекше құрмет көрсетілгенін сынға алған.
«Рудковская Астанадан пәтер сатып алыпты, жарайды. Бірақ бір нәрсені түсінбеймін. Біздің мемлекеттік қызметкерлер неге сонша айналсоқтап, бірге жүр? ХҚКО-да арнайы қызмет көрсетіп жатыр ма? Қарапайым салық төлеушілердің есебінен өмір сүріп отырған қызметкерлер бізге мұндай жағдай жасамайды ғой, сағаттап кезекте отырамыз. Қазақстан азаматына мемлекеттік қызмет алу барысында ХҚКО-да «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы жеке өзі еріп жүрді? Жазыңыздаршы, өтініш. Арман Кенжеғалиев мырза, Рудковская ханымда Қазақстанда тұруға рұқсат (ВНЖ) бар ма? Себебі, еліміздің заңнамасына сәйкес, шетел азаматтары Қазақстанда тұруға ықтиярхаты болмаса, тұрғын үй сатып ала алмайды. ВНЖ болмаса, сатып алу-сату немесе сыйға тарту арқылы тұрғын үйді рәсімдеу мүмкін емес. Жоқ әлде, бұл Ресей азаматына арнайы өзіңіз жеке ерекше жағдай жасап бердіңіз бе?» – деп жазды журналист Гүлбану Әбенова.
Яна Рудковскаямен жарияланған жазбадан кейін мемлекеттік корпорация әлеуметтік желідегі пікірлерді өшірді.
«Талқыланып жатқан жарияланымның мақсаты – белгілі бір адамды танымалдығына қарай ерекшелеп көрсету емес. Жарияланған сәттен бастап қоғамдық пікірді мұқият бақылап отырмыз және өз ой-пікірлерін білдірген барша азаматтарға алғыс айтамыз. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін маңызды. ХҚКО-ларда көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер заң аясында және барлық азаматтар үшін бірдей негізде жүзеге асырылатынын атап өткіміз келеді», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік корпорация өкілдері бұл жазба арқылы қызмет көрсету сапасын шетелдіктердің де мойындағанына назар аударғысы келгенін айтты. Ал Яна Рудковскаяны мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжегалиевтің жеке қарсы алуын қонақжайлылықтың бір көрінісі деп атады.
Мұнымен қатар, мемлекеттік корпорация басшысы бұған дейін де танымал қазақстандықтарды жеке қабылдағанын, бұл – қызмет сапасын тікелей бақылап, азаматтардан кері байланыс алу үшін жасалатынын мәлімдеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мәліметінше, басшылық тарапынан көрсетілген ілтипат мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ешқандай артықшылық бермейді. Барлық қызметтер Қазақстан заңнамасына сәйкес, әрбір өтініш берушіге тең дәрежеде ұсынылады.
Айта кетейік, Яна Рудковская 1975 жылы Қазақстанның Қостанай қаласында дүниеге келген. Туылған соң көп ұзамай отбасы Ресейдің Барнаул қаласына көшіп кеткен. Рудковская – ресейлік тележүргізуші, музыкалық продюсер, кәсіпкер. Ол – Дима Биланның бұрынғы продюсері.