Жаңалықтар

Берденовке оқ атқан кім?

Фото: ашық дереккөз

Шымкент қалалық полиция департаменті қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты алғашқы ресми түсініктеме берді, деп жазды qandastar.kz

«Осы жылдың 21 сәуірі күні Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты маңында атыс қаруы қолданылған оқиға орын алды. Соның салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта зардап шегушіге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде», – делінген полиция хабарламасында.

Құқық қорғау органдарының дерегі бойынша, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп жатыр. Тергеу мүддесіне сай, өзге ақпарат әзірге жария етілмейді», – деп толықтырды полиция өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін әкімдік ғимараты жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке үш рет оқ атылып, ауыр жараланғаны хабарланған болатын. 

Кейбір дереккөздер шабуыл жасаған күдікті ретінде әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС қызметкері Ернар Жиенбайұлының атын атаған еді. Қазір Берденовтың жағдайы туралы нақты ақпарат күтілуде

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close