Білім

Білім саласындағы былықты жайып салған ұстаз жұмыссыз қалды

Фото: жеке қорынан

Алматы қаласының Д.Бабаев атындағы N115 жалпы білім беретін мектебінің білікті ұстазы- Мейрамгүл Барқазатқызы білім жүйесіндегі былықты БАҚ және әлеуметтік желіде айтқаны үшін 25 жыл істеген жұмысынан шығарылды, деп жазды qandastar.kz

Істің анық-қанығымен Orda.kz тілшісі танысты.Мейрамгүл Барқазатқызы – Алматы қаласының Д.Бабаев атындағы N115 жалпы білім беретін мектебінде 1999 жылдың қарашасынан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті ұстаз. 2024 жылы 2 мамырда педагог зейнет жасына толды. Оқу жылын аяқтап еңбек демалысынан кейін, тамыздың 30-ы күні мектеп директоры келесі оқу жылына Мейрамгүлмен бір жылдық еңбек шартына қол қойды. Алайда жылдың ортасында мектеп әкімшілігі зейнеткерлермен еңбек шартын бұзамыз деп шешіп, Мейрамгүл жұмысынан шығарылды.

 

«Оқу жылы басталғалы бері ескерту алмадым, еңбек тәртібін бұзған жоқпын, себепсіз жұмыстан қалмағанмын. Желтоқсан айында зейнеткерлермен еңбек шартын бұзамыз деген хабарлама келді. Менен басқа мектепте бес зейнеткер бар, бірақ желтоқсанның бесі күні оларды кәсіподақ қорғап қалып, олар жұмысқа қайта оралды, ал мен жұмыстан шығарылдым. Себебі мен екі жылдан бері кәсіподақ мүшесі емеспін»,деп шерін тарқатты ұстаз.

Еңбек шартын бұзу туралы бұйрықта мекеме басшысы ҚР Еңбек кодексінің 52 бабының 1-тармағы 24-тармақшасына (зейнеткерлік жасқа байланысты еңбек шартын бұзу) сүйенеді. Алайда Мейрамгүлден басқа бұл мектепте зейнет жастағы тағы бес мұғалім қызмет атқарады.

«Мектеп басшылығы зейнет жасына қатысты баптарға сүйеніп отыр. Егер бұл еңбек шартында о баста «жаңа маман келгенге дейін» немесе «уақытша» дегендей  белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты болатын еді. Ал бұл еңбек шарты биылғы тамызда аяқталады. Мейрамгүлге қатысты ешқандай тәртіптік жаза тағайындалған жоқ, өз жұмысын дұрыс атқарып келе жатты, аяқ астынан жұмыстан шығаруға қандай қажеттілік болғаны түсініксіз. Кәсіподақта болса да, болмаса да заң барлығына бірдей»,дейді ұстаздың адвокаты Маржан Аспандиярова.

Ұстаз жұмысынан айырылуын БАҚ-на берген сұхбаттары мен әлеуметтік парақшасына жариялаған жазбаларымен байланыстырады. Жазбаларында Мейрамгүл білім саласындағы кемшіліктер мен қателіктерді сынап жазған, ал бұл мектеп әкімшілігіне ұнамаған болуы тиіс.

«Айтпаңыз, жазбаңыз деп ауызша директор тарапынан айтылды. Мен пікірімнің негізі бар екенін дәлелдеп бердім. Одан соң үндемеді. Әріптестерім де желіге жазба деп айтқан. Бірақ бұл оқушының білім алуына кедергі келтірген, дұрыс ұйымдастырылмаған шара болғандықтан, бірнеше рет жазуға тура келді»,деді мұғалім.

«Дұрыс ұйымдастырылмаған шара» деп Мейрамгүл Барқазатқызы 2024-2025 оқу жылында енгізілген «Нысаналы мектеп» жобасын айтады. «Нысаналы мектеп» – артта қалған немесе кемшіліктері көп мектептерді дамыту және қайта жандандыру. Жоба аясында Қазақстан бойынша 943 мектеп іріктелді. Таңдалып алынған мектептердің педагогтеріне арнап біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған. Алайда дәл осы курстардың ұйымдастырылуы сын көтермейді.

«Модульдерден (курстардан) өту уақытын мұғалімдер өзі таңдамайды. Жоғары жақтан оқу жылының басында белгілі бір уақыт беріледі. Мысалы, уақыт 9:30 белгіленсе, мұғалім сабақ беріп жатса да 9:30 да кіріуі қажет. Сабақ беріп жатқан мұғалім Zoom-ды қосып қояды да, ары қарай оқушылармен жұмыс істеуді жалғастырады. Модуль аяқталған соң тестілеу болады, модульді тыңдамаған мұғалім, әрине, тестілеуден өте алмайды. Педагог бірнеше әрекеттерде төмен көрсеткіш көрсетсе жұмыстан шығарылады. Қазір Өрлеуде арнаулы курс ашылуы керек еді, енгенін-енбегінін мен білмеймін»,  дейді Мейрамгүл Барқазатқызы.

«Нысаналы мектеп» жобасы соңына дейін ойластырылмаған, кемшіліктері көп жоба дейді ұстаз. Оқылықтары тек мұғалім жұмысына ғана емес, балалардың да білім алу процесіне кедергі болатынын айтады.

Есепсіз қайырымдылық

Оқу жылының екінші тоқсанында мектеп директорының айтуымен ерікті What’sApp тобы құрылды. Сол чатта мектеп мұғалімдері еріктінің мобильді аударымы арқылы жеке нөміріне ақшаны ерікті түрде салып отырады. Жиналған қаражатқа жетім, әлеуметтік жағдайы нашар балаларға азық-түлік, киім алып, ақшалай-заттай беріледі деп сендіреді.

«Топты директордың айтуымен ашты. Ақшаны ерікті жинайды. Күніне мөлшері 15-20 дай адам «+» қояды,  бірақ қанша салатыны белгісіз»,дейді педагог.

«Мейірімділік жақсы. Садақаның да сауабы бар. Бірақ шот ашылмаған, есебі анық емес. Меніңше бұл аз қаражат болса да есеп ашылып, ақша соған түсіп, есебін жасайтын комиссия болуы керек», – деді Мейрамгүл Барқазатқызы.

Редакция еріктімен байланысқа шығып, қордың қызметі, мұғалімдер чатына қалай қосылғаны жайлы ақпарат алуға тырысты. Алайда, ерікті қандай да бір ақпарат беруден жалтарып, бізді бұғаттап тастады.

Мейрамгүл Барқазатқызы жұмыстан шыққан күні, мектептің келісім комиссиясына өтініш жазды. Комиссия отырысы өтініш түскен күннен 15 күн ішінде қаралып, өткізілуі керек еді, жаңа жылдық мерекелерге байланысты өткізу күні 22 қаңтарға бекітілді. Алайда журналистердің қатысуына қарсы болған комиссия мүшелері, жиналысты 23 қаңтарға ауыстырды. Комиссия отырысы мектеп қабырғасында бес мұғалімнің қатысуымен өткізілді. Шешімі үш күннің ішінде белгілі болады.

Комиссияның шешімімен мектеп директорының №86 бұйрығы қайшы емес деп танылып, бұйрық өзгеріссіз қалды.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close