Жаңалықтар
«Далада жатқан ит емес, адам ғой»: Ақтөбелік тұрғын ағасын үйсіздер зиратына жерлеп тастаған полицейлерді жазалауды сұрайды
Фото: Жанат Иманғалиеваның жеке мұрағатынан
Ақтөбеде полицейлер Аман Жақаевтың мерт болғанын жақындарына 2,5 айдан бері хабарламаған. Оның үстіне ер адамның денесін аты-жөні жазылмайтын үйсіздердің зиратына жерлеп тастаған. Марқұмның қарындасы оқиғаға қатысты жасырын нәрсе бар деп күдіктенеді, деп жазады qandastar.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбелік Жанат Иманғалиева маусымнан бері ағасын таппаған. Сөзінше, соңғы рет 15-16 маусымда онымен жолыққан, сол кезде телефонын жоғалтып алғанын, енді ұялы телефонсыз жүре тұратынын ескертіп кетіпті.
“Ағам құрылысшы болғасын әдеттегідей тапсырыс бойынша кетті деп ойладық. Оның үстіне телефоны жоқ. Бірақ ұзақ байланысқа шықпағандықтан, уайымдай бастадым. Қыркүйектің 11-і полицияға жүгініп, ағамды таба алмай жүргенімді айттым. Учаскелік полицей ағамның аты-жөнін айтқан соң, фотосын көрсетті де, оның мерт болып кеткенін айтты. Осы сәтте төбеме жай түскендей болды”, – деді марқұмның қарындасы.
Полицейлердің Жанат Иманғалиеваға түсіндіргені бойынша 26 маусымда ол екі досымен Қарғалы өзенінде уақыт өткізіп, суға батып кеткен. Айтуларынша, сол кезде ер адам мас күйде болып, суға секіріпті.
“Достары полицияға “суға секірді де, шықпай қалды” депті. Сосын олар полиция шақырған, полиция ТЖД-ны шақырыпты. Кейін екі адамнан жауап алынған. Кейін іс тыныш жабылған ғой. Ағамның денесі 2,5 ай мәйітханада болды”, – деді Иманғалиева.
Ол екі куәнің жауаптарына күмәнмен қарайды. Себебі екеуі біп-бірдей үлгімен түсініктеме жазып берген, олар дайын жазылған қағазға қол қоя салды ма деген күдік бар.
27 маусымда ер адамның денесіне сот-медициналық сараптама жүргізілген.
“Адам өлімі асфиксия салдарынан, яғни өкпеге су жиналып, ауа жетпегеннің кесірінен болды”, – делінген қорытындыда.
6 қыркүйекте олар Аман Жақаевтың денесін ”Братская могила” деп аталатын Кірпішті ауданындағы үйсіздерге арналған зиратқа жерлеп тастаған.
Ақтөбелік келіншек полицейлердің марқұмның туыстарын іздемегеніне және оларға хабарламағанына наразы. Айтуынша, учаскелік полицей ағасын жақсы таныған. Яғни оның құрылыспен айналысатынын білген.
“Не себепті 3 айдан бері тыныш отырды? Олар Аман ағамның Жилянкада тұрғанын білді, себебі біреуі “мен ол ағаны білемін” деген еді. Білсе, неге хабарламайды? Полиция бөлімшесі мен үйіміздің арасы 2-ақ аялдама. Тіпті ағамды білмесе де, оп-оңай тауып алуға болады. “Біз сіздерге бардық, болмадыңыздар” дейді. Сонда 3 ай таппады ма немесе хабарлама жіберіп, хат тастап кетуге болмады ма екен? Ол далада жатқан ит емес, адам ғой”, – деді ол.
Облыстық полиция департаменті әйелге іс бақылауда болатынын әрі міндетті түрде шара қолданатынын мәлімдеген. Десе де, ауызша айтылғандықтан, ол әлі де сенімсіз. Жанат “Немқұрайлық” бойынша іс қозғалғанын және тергеуші мен учаскелік полицейдің жұмыстан қуылуын сұрайды.
Марқұмның бұрын отбасы болған екен, кейін ажырасып кеткен. Оның артында 20 жас шамасындағы ұлы қалды.
Полиция тергеу басталғанын айтты.
«Осы факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша шешім қабылданады», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Еске салсақ, бұған дейін жоғалып кетіп, отбасы іздеген қазақстандықты полицейлер үйсіздердің зиратына жерлеп тастағаныайтылды.