Мәдениет

Депутат қазақстандықтардың кітап оқуға қанша уақыт жұмсайтынын айтты

Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов қазақстандық оқушылардың оқу сауаты төмендегеніне қатысты алаңдаушылығын білдірді. Депутат елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту қажет екенін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz

Мәжіліс депутаты адами капиталды дамыту жолында кітап оқу мәдениетін дамыту стратегиялық басымдық екенін айтып, осы бағытта тиімді саясат жүргізіп келе жатқан елдерді мысалға келтірді.

– 2024 жылы ең көп кітап оқитын мемлекеттер қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Италия бар. Азияда қытайлықтар жылына 154 сағат, жапондар 135 сағат, корейлер 125 сағат кітап оқуға арнайды екен. Қазақстанда бұл көрсеткіш – небәрі 65 сағат, – деп нақтылады депутат.

Байтілесовтің айтуынша, PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінде қазақстандық оқушылардың оқу сауаты орташа деңгейде болғанымен, 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендеген.

– Мұның себептері – қызығушылық іс-шаралардың аз ұйымдастырылуы және цифрлық дәуірдің ықпалы. Қысқаша форматтағы контентке үйренген көпшілік интернетте орта есеппен небәрі 55 секунд қана оқуға уақыт бөледі. Бұл терең ойлау мен білімді дамытуға жеткіліксіз.

Еліміздегі кітапханалардың жай-күйі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Материалдық-техникалық база мен кітап қорлары жаңартуды қажет етеді, ал заманауи форматтағы кітапханалар – санаулы. Көп жерде оқырмандар үшін жайлы орта, коуоркинг аймақтары мен цифрлық қызметтер жеткіліксіз, – деп қосты Нұрсұлтан Байтілесов.

Осы ретте депутат бірқатар дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталып, Қазақстанда да ұқсас форматтағы сабақтар мен дәстүрлерді енгізу қажет екені айтты.

Мәжіліс депутаты елімізде кітапқа қызығушылық мәдениетін дамыту мақсатында мынадай шараларды ұсынды:

  • Біріншіден, барлық оқу орындарында ғылыми негізделген оқу әдістерін енгізіп, тиімді кітап оқу тәсілдерін насихаттайтын ресурстарды дамыту.
  • Екіншіден, кітапханалар желісін жаңғыртып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырып, тұрақты түрде «Кітап апталығы», «Бір ел – бір кітап» сияқты жобаларды өткізу арқылы елдің назарын кітап оқуға аудару керек.
  • Үшіншіден, жергілікті деңгейінде тұрғындар арасында оқу сайыстарын, әдеби байқаулар ұйымдастырып, оқушылар мен ересектердің қызығушылығын арттыру қажет.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген сөзін ескере отырып, кітап оқу мәдениетін ұлттық деңгейде қолдаудың жаңа моделін қалыптастыру керек деп есептеймін, – деді депутат.

Сөз соңында Нұрсұлтан Байтілесов ұсыныстарды қарастырып, кітап оқу мәдениетін дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауды сұрады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close