Қаржы және төлемдер
Депутат: «Ұлттық қорға» арқа сүйеуді доғару керек
Фото: жеке қорынан
Жақында Парламент Мәжілісінде 2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет мәселесі қаралды. Пленарлық отырысқа арнап, осы мәселе жөнінде «Аманат» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жасаған баяндаманың (қаз-қалпында жарияланды) мазмұны елдің қаржылық ахуалы дабыл қағарлық жағдайға жеткенін айқын аңғартатынын айтты деп жазды депутат Ермұрат Бапи, деп хабарлайды qandastar.kz
«Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда біз бюджет саясаты бойынша елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Біріншіден, ол – бюджеттің теңгерімсіздігі. Бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 92 %-ы міндетті шығыстарды жабуға бағытталғаны белгілі. Бұл – елімізді дамытуға, яғни болашаққа салынатын инвестицияға небәрі 8-ақ пайыз ғана қалады деген сөз. Мұндай жағдайда серпінді даму, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру туралы сөз айтудың өзі артық.
Екіншіден, бюджет тапшылығын жабу үшін, Ұлттық қордан қаражат алу 2024 жылы ең шекті деңгейге жетті. Биыл бюджеттің кіріс бөлігі небәрі 13,1 трлн теңгені құрады. Яғни, бюджетке 3 триллион теңге көлемінде жоспарланған салықтық түсімдер түспеді.
Дұрыс жоспарламау салдарынан үш триллион теңгенің жетпеуі – салық және бюджеттік саясаттың күйрегені деген сөз емес пе?! Демек, Үкімет бюджетке нақты салықтық түсіммен қамтамасыз етілмеген кірісті салып отыр. Мұны біз Үкіметтің экономикалық блогының жеткілікті деңгейде жауапкершілік пен кәсібилік таныта алмауы деп есептейміз», – деді Е.Бапи.
Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін, Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге, бұған қоса, «Қазатомпром» арқылы тағы да 1 триллион теңгені бюджет есебінен алды. Мұның барлығы – Ұлттық қордың қаражаты. Сонымен биыл Ұлттық қордан 6,6 триллион, ал келесі жылы тағы 5,3 трлн теңге алынады. Бұл – шамамен 24 миллиард АҚШ долларына пара-пар. Ол – жалпы Ұлттық қор көлемінің үштен біріне тең сома. Мұның соңы қордағы активтердің азаюына ұшырататынын алға тартады депутат.
«Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек. Қазір оны еліміздің барлық ата-аналары мен балалары қадағалап отыр. Ұлттық қорға арқа сүйеудің де шегі бар. Президент айтқандай, «Ұлттық қор – балаларға!»», – деді ол.