Жаңалықтар
Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan TV арнасындағы жобада продюсер болады

Әнші 2025 жылғы қазанда Нью-Йорк қаласының Madison Square Garden стадионында жеке концертін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпараттық порталы.
Белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Алматыда өткен фан-кездесуде тыңдармандарына қуанышты жаңалығын айтты. Өнерпаз қытайлық Hunan TV телеранасымен бірлесе жаңа вокалдық тележобаның продюсері болмақ.
Әнші, сондай-ақ, аталған жобада әділқазы алқалар мүшесі болатынын жеткізді.
«Менің әлемнің түкпір-түкпірінде атымның танылуына алғаш болып септігін тигізген I am singer үлкен жобасын көрсеткен Hunan TV арнасы көпшіліктің есінде болар… Сол Hunan TV арнасымен бірлесіп жасайтын алғашқы продюсерлік жұмысым жарыққа шыққалы жатыр. Ол да I am singer жобасына ұқсайды. Осы жобада продюсер ретіндегі аяқ алысым сіздердің алдыларыңызда өтпек және мен әділқазылар мүшесі боламын. Музыка саласында аты аңызға айналған әлемдік жұлдыздар мен жас әншілер өскелең ұрпаққа қолдау көрсету үшін жұмыстас болуға ниет етіп отырмыз. Қазақта «Арық айтып, семіз шық» деген сөз бар. Сол себепті әзірге осындай қысқа ақпарат қана беруді жөн көріп отырмын. Алдағыны барлығымыз бірге көретін боламыз», – деді Димаш Құдайберген.