Жаңалықтар

Дін тізгіні кімнің қолында: Қазақстан тарихындағы бас мүфтилер

Фото: ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz жариялаған «Мүфтиятты реформалау қажет немесе жарияланбаған петиция» атты мақаладан кейін жұрттың көкейінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметіне қатысты сұрақ көбейді. Біз қоғам талқысындағы саяси, құқықтық мәселелерді айналып өтіп, тақырыпты танымдық тұрғыдан өрбітуді жөн көрдік.

Ислам дінін насихаттау, Қазақстан мұсылмандарының бірлігін сақтау, діни мәселелерін шешумен айналысатын орган – ҚМДБ төрағасы, бас мүфти қызметін ширек ғасырда кімдер атқарды? Олар елдің діни өмірінде қандай істерімен есте қалды? Осы сауалдарға жауап іздедік.

Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі

Негізі 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қалана бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарихы 1906 жылы Верныйда өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының I құрылтайынан бастау алды. Жиынға 100-ге жуық делегат қатысқан.

Ал 1943 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтті. Оған Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов (1884 – 1953) бастап барды. Құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, төрағасы әрі Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмаджидхан (1856 – 1957) сайланды. Қазақстанда қазият құрылып, Шамсутдинов қази болып тағайындалды. Ол 1946 жылдан бастап Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстандағы өкілі, Алматы қаласының имамы қызметін атқарды.

1952 – 72 жылдар аралығында Сәдуақас Ғылмани (1890 – 1972), 1972 – 79 жылдар аралығында Жахия қажы Бейсенбайұлы (1932 – 1997) қази болды. Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 1990 жылға дейін Ташкентте орналасқандықтан және кеңестік саясатқа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алған жоқ.

1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, бас мүфтиі Рәтбек Нысанбайұлы болды.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы – Қазақстанда мұсылмандар діни басқармасының құрылуына мұрындық болып, елдегі діни ахуалдың жақсаруына бір кісідей атсалысқан жан. Ол 1975 жылы Ливиядағы университетті үздік тәмамдап, елге оралысымен дінге қызмет етуге білек сыбана кірісіп кетеді. Оның тікелей ұйытқы болуымен Кеңес Одағының тұсында-ақ 68 мешіт бой көтерді.

Араб, ағылшын, неміс тілдерін қоса алғанда жеті тілде еркін сөйлейтін кемеңгер жан басқарма төрағасы қызметіне кіріскен соң діни сауаттылыққа басымдық беріп, кәсіби мамандар дайындау мәселесін қолға алады. 600-ден аса кадр даярлап, ел жастарының Түркия, Мысыр елдерінде білім алуына жол ашқан.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы – 15 шақты кітаптың авторы. Өзінің айтуынша, Өзбекəлі Жəнібековтің ұсынысымен Құранды қазақ тіліне аударған. Кітап 1991 жылы 200 мың данамен тараған.

Қазақ руханиятына елеулі үлес қосқан ақсақал қазір 84 жаста, Есік қаласындағы мешітті басқарып отыр. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген.

Басқарманы 13 жыл басқарған ғалым

2000 жылы өткен ҚМДБ-ның ІІІ құрылтайында басқарма төрағасы, бас мүфтиі болып профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланды.

Әбсаттар қажы Дербісәлі – шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы.

Ол – араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шәріптері туралы 600-ден аса теориялық және практикалық мәні бар ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің авторы.

Әбсаттар қажы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен ондағы құлпытастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеген. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде жазған, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың X-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әбул Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһанад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Таразилер, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи және т.б. барлығы 100-ге жуық Ғылым академия басылымдары мен ойшылдарын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізген.

Сондай-ақ, дінтанушы қазақтың шет елдермен достық қоғамының Қазақ-Араб бөлімінің төрағасы болған. Шетелдің екі, республикамыздың мемлекеттік 12 университеттерінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» ғылым Академиясының (Каир) академигі атағын алған.

Әбсаттар қажы Дербісәлі 2021 жылдың шілдесінде 74 жасында өмірден өтті.

Сауатсыз имамдармен күрескен мүфти

2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында Маямеров Ержан Малғажыұлы бас мүфти болып сайланды.

Ержан Малғажыұлы 1972 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысында ұстардар отбасында дүниеге келген. Мақаншы ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті 1990 жылы бітіріп, әскери борышын өтеуге аттанады. 1993 жылы әскерден оралған соң Мысырдағы Әл-Азһар Ислам университетінің шариғат және заң факультетіне оқуға қабылданады. Бұл оқу орнын 2006 жылы тәмамдайды. Демек, 13 жыл бойы діни оқуды тапжылмай оқып, Ислам дінінің түп бастауын – негізгі қағидаттары мен тарихын терең зерделеген жан. Кейінірек 2006-2008 жылдары Мысыр мүфтиятының пәтуа шығару бөлімінде білімін жетілдірген.

2013 жылы бас мүфти қызметіне келгеннен кейін Ержан қажы екі жыл қатарынан аттестация жүргізіп, еліміздегі имамдардың білім деңгейін анықтады. Сондай-ақ, «Қазіргі заманның сауатты 500 имамы» бастамасын іске қосты. Бұл жоба имамдардың білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған. Жоба мақсаты бойынша, имамдар жан-жақты дамыған, саяси сауаты жоғары, адамдармен жұмыс істей алатын адамдар болуы шарт.

Ержан қажы Малғажыұлы дін мен дәстүрдің байланысына ерекше мән берді. ҚМДБ 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы, 2016 жылды «Діндер мен тарихи мұра жылы» деп жариялады.

2017 жылы қызметін жаңа мүфтиге табыстаған Ержан қажы Маямеров бүгінде «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінде қызмет етеді.

Ел жадында жатталып үлгермеген мүфти 

2017 жылдың 8 желтоқсанында өткен Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында Серікбай Сатыбалдыұлы Ораз бас мүфти болып сайланды.

Серікбай қажы Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медреседе, Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған. Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінде білімін жетілдіріп, «Нұр Мүбәрак»  университетінде Исламтану мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесін алған.

Еңбек  жолын Алматы мешітінің  наиб имамы болып бастаған Серікбай Сатыбалдыұлы  Ислам институтының ұстазы, Ислам институтының  ректоры, Астана қаласы Ақмола облысының өкіл имамы, ҚМДБ-төрағасының орынбасары, Алматы әкімшілігінің діни бөлімінің сектор меңгерушісі, Сарыағаш ауданының бас имамы; Мемлекеттік қызмет агенттігінің аға қызметкері, Астана қаласы Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы және наиб мүфти қызметтерін атқарған.

Бас мүфти болған тұста өзіне дейінгі төрағалардың бастамаларын жалғаушы ретінде есте қалды.

2020 жылдың 6 наурызынан бастап ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры болып тағайындалды.

Жанұялы, 7 баласы бар.

Бүгінгі дінбасы кім?

Еліміздің қазіргі бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы Өтпенов 2020 жылдың 7 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында сайланды.

Діни басқарманы 4,5 жылдан бері басқарып келе жатқан Наурызбай қажы 1997 бастап республикамыздың түрлі мешіттерінде имам қызметін атқарған.

2013-2018 жылдары – ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы, 2018 жылдың шілде-қазан айлары – ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы болды. Бас мүфти қызметіне тағайындалар алдында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы қызметін атқарды.

Наурызбай Тағанұлының жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына үлес қосқан. «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.

Бас мүфти әдетте елдегі діни-құқықтық мәселелерге қатысты пәтуа шығарып, БАҚ беттерінде мұсылмандар қауымын алаңдатқан даулы сауалдарға қатысты пікір білдіреді. Басқа уақытта оның жұмысы жайлы тек діни ақпарат көздерінен ғана естіп-білуге болады.

Наурызбай Тағанұлы отбасылы, 4 баланың әкесі.

 

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close