Астаналық сот Елордада өткен Дженнифер Лопес концерті кезінде орын алған бұзақылық әрекеттер бойынша әкімшілік істі қарады. Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушы жоғары лауазымды полиция қызметкерінің жұбайы болып шыққан, деп жазады qandastar.kz.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот 2025 жылғы 1 тамызда сағат 21:00 шамасында азаматша К.-ның Астана Арена стадионында көрермен ретінде бола тұра, агрессивті әрі арандатушылық мінез көрсеткенін анықтады. Ол айналасындағыларды итеріп, қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа келушілерге қолайсыздық туғызған.
Азаматшаның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ оқиға орнынан алынған бейнежазбамен дәлелденді.
Сотта ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделетіні еске салынды. Алайда азаматша К.-ның 14 жасқа толмағандары бар бес баласы болғандықтан, ҚР ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес оған әкімшілік қамау қолданылмайды.
Істі қарау қорытындысы бойынша әйел кінәлі деп танылып, 20 АЕК — 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін тамыз айында Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертінде әйелдер арасында жанжал болып, қақтығысқа қатысушылардың бірінің полиция қызметкерінің жұбайы екені хабарланған еді.



