Жаңалықтар
Елімізде терроризмді насихаттаған 34 адам сотталды

Фото: ашық дереккөз
Биыл жыл басынан бері ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге 34 адам, сондай-ақ 2 шетел азаматы сотталған, – деп хабарлайды qandastar.kz
ҰҚК мәліметінше, олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық тудырғаны, террористік және экстремистік топтардың әрекетіне тартқаны, құрғаны және оларға қатысқаны, тыйым салынған ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылған.
Сондай азаматтардың бірі Ақтөбе қалалық сотының шешімімен терроризмді насихаттағаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК тергеген қылмыстық іс шеңберінде, оның айналасындағыларды лаңкестерді жақтап, шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға шақырғаны, сонымен қатар өзі де оларға қосылуды жоспарлағаны анықталды.
Тінту барысында одан 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, жасырын тасымалданатын гарнитурасымен 6 радиостанса, 3 түтін шашкасы, 1 жарық гранатасы және 581 патроны табылды.
Сондай-ақ ҰҚК материалы бойынша, Алматы облыстық сотының шешімімен Қаскелең қаласының бір тұрғыны терроризмді насихаттағаны және террористік әрекеттерді ұйымдастыруға адамдарды тартқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Фигурант Қазақстанда резонансты зорлық-зомбылық акциясын жасау үшін лаңкестік топ құруды жоспарлаған. Осы мақсатта басқа діндар адамдарға лаңкестік идеологияны қабылдатып, оларды өз қатарына тартуға әрекеттенген, – деп нақтылады ҰҚК өкілдері.