Жаңалықтар
Еңбек адамдары лайықты еңбекақы алуы керек – Жұлдыз Сүлейменова
сурет: parlam.kz
Еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленуі керек. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «AMANAT» партиясы фракциясының атынан Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтерді, деп жазды qandastar.kz
«AMANAT» партиясы фракциясы бұл сұрақты үнемі айтып келеді, былтыр да халықпен кездесуден кейін осы сұрақтың шешімін ұсынатын депутаттық сауал жолдады. 2024 жылғы 29 ақпандағы Премьер-Министрдің орынбасарынан келген жауапта, «…Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп халықаралық тәжірибені ескеріп, жұмыстың ерекшелігіне сайкес азаматтық қызметшілердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру туралы жұмыс жүргізуде», – деп айтылған. Алайда, жұмыстың нәтижесі техникалық қызметшілер үшін белгісіз. Еден жуушы, плотник, сантехник, аула сыпырушы, электриктерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, еңбекақы жүйесін жетілдіру туралы түсіндірме ақпаратынан бейхабар. Осы саланың нақты ауыр еңбекті адал атқарып жүрген нағыз еңбек адамдарына жалақыны арттырудың бірыңғай методикасы сапалы түсіндірілуі қажет. Оларға еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлекді қарастыру кезек күттірмейтін мәселе, – деді депутат.
turkystan.kz хабарлағандай, Жұлдыз Сүлейменова техникалық қызметкерлер жөндеу жұмыстарына араласатыны және оған қаражат төленбейтінін айтады.
Жөндеу жұмыстарына бюджеттен арнайы қаражат қаражат қарастырылады. Олай болса, неге онсыз да еңбегі ауыр жалақысы төмен еңбек адамдары ағымдағы жөндеу жұмыстарына тартылуы тиіс? Бұл еңбек заңдылығына қайшы деп санаймын. Осы мәселеге нақты жауап беруіңізді сұраймын, – деді ол.
Келесі мәселе – хлор қолданатын жұмыстары күрделі техникалық персонал оған қосымша ақы алмайды.
Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ? Жалпы, білім беру ұйымдарында балаларды еден жуушылардың еңбегіне құрметпен қарауға тәрбиелеу қажет. Осы ретте, бюджеттік ұйымдардағы орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындаудың методикасына стаж, жүктеме, жұмыстың күрделілігі деңгейін ескеретін бірыңғай жүйе қарастырылуы тиіс және жалақыны арттыруда өңірлік және ішкі теңгерімсіздікті жою шарт, – деді депутат.