Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

ЕО Google-ға 2,95 млрд еуро айыппұл салды

Еуропалық комиссия Google компаниясына 2,95 миллиард еуро көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Qandastar.kz Еuronews-ке сілтеме жасап.

Айыппұлға «AdX» жарнама алмасу құралы мен баспагерлерге арналған жарнама сервері және жарнама сатып алу құралдарын пайдалана отырып, нарықтағы үстемдігін теріс қолдануы себеп болған.

Енді Google мүдделер қақтығысын жоюға қатысты нақты шаралар ұсынуы тиіс. Егер бұл орындалмаса, біз еш ойланбастан қатаң шара қолданамыз. Цифрлық нарықтар адамдарға қызмет ету үшін бар және олар сенім мен әділдікке негізделуі керек, – делінген ЕО-ның бәсекелестік мәселелері жөніндегі комиссары Тереса Рибераның мәлімдемесінде.

Google-дың қолында бәсекелестікке қарсы деп танылған тәжірибені тоқтату үшін 60 күн уақыт бар.

Еурокомиссия Google-ға қатысты онлайн-жарнама технологиялары саласындағы ресми тергеуді 2021 жылдың маусымында бастаған болатын.

Компания вице-президенті Ли-Энн Малхолланд айыппұлды «негізсіз» деп атап, талап етіліп отырған өзгерістер «мыңдаған еуропалық кәсіпорындарға зиян келтіріп, олардың табыс табуын қиындататынын» айтты.

Жұма күні Google бұл шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.

Шешім АҚШ әкімшілігімен арадағы шиеленістің күшеюі аясында қабылданған. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп жуырда еуропалық билік американдық ірі технологиялық компанияларға қысым көрсетуді жалғастырса, ЕО-ға қарсы жаңа тарифтер енгізетінін ескерткен еді.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close