Жаңалықтар
ЕО Венгрияны дауыс беру құқығынан айыруы мүмкін

Еуропалық Одақ кеңесі 27 мамырда Венгрияның дауыс беру құқығынан айырылу мүмкіндігін талқылайтын болады. Бұл талқылау ЕО туралы шарттың 7-бабы негізінде өтеді. Аталмыш ақпарат ведомствоның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Кеңесте министрлер Венгрия бойынша сегізінші тыңдау өткізеді. ЕО туралы шарттың 7-бабы Еуроодақтың «құндылықтарын жүйелі түрде бұзған» мүше елдерге қатысты қолданылады. Бұл бұзушылықтарға құқықтың үстемдігі, демократиялық нормалар және адам құқықтары жатады. Шартта мұндай елдің кейбір құқықтарын, оның ішінде дауыс беру құқығын тоқтату қарастырылған.
Бұл қадам Венгрияға қатысты ЕО-ның ұзақ уақыт бойы жүргізіп келе жатқан сындарымен байланысты. Будапешттің ЕО-ның ортақ саясаттарына, әсіресе Украинаға көмек және энергетика саласындағы бірлескен шараларға қатысты ұстанымы сынға алынған.
Айта кетейік, кеше Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан Еуропалық Одақтың энергетикалық саясатын «абсурд» деп атады және оны Украинаны қолдау мақсатындағы әрекет ретінде сипаттады. Ол сонымен қатар ЕО-ны энергетикалық қауіптермен бірлесе күресуге шақырды.
Reuters 20 мамырда Венгрия парламенті Халықаралық қылмыстық соттан (ХҚС) шығу туралы заң жобасын мақұлдағанын хабарлады. Орбан бұл сотты «саясаттандырылған» деп айыптап, оның тәуелсіздігін жоғалтқанын мәлімдеді.
Осы факторлардың жиынтығы ЕО мен Венгрия арасындағы шиеленісті күшейтіп отыр. 27 мамырдағы тыңдау Будапешттің ЕО ішіндегі болашақ орнына елеулі әсер етуі мүмкін.