ДенсаулықЖаңалықтар
Ғалымдар қауіпті дертті ерте анықтайтын тест ойлап тапты

Самар университетінің ғалымдары созылмалы өкпе ауруын (СӨА) қан талдау арқылы анықтайтын жаңа әдіс ойлап тапты, деп хабарлайды Qandastar.kz. Бұл тәсіл 90 пайыздан астам дәлдікпен және бір сағаттан аз уақытта нәтиже береді. Diagnostics журналында жарияланған деректерге сүйенсек, СӨА – әлем бойынша өлімнің үшінші себебі.
ДДСҰ мәліметінше, 2021 жылы осы аурудан 3,5 миллион адам көз жұмған. Дәстүрлі әдістер, мысалы, тынысты өлшейтін спирометрия, ауруды ерте сатысында әрқашан анықтай алмайды.
Жаңа әдіс қан құрамындағы өзгерістерді лазер сәулесі арқылы зерттеп, өкпе қабынуы мен зақымдануының «іздерін» табады.
«Бұл саусақ ізі арқылы қылмыскерді табуға ұқсайды, тек біз аурудың химиялық ізіне қараймыз. Лазер қанды тексергенде, өкпе ауруына тән ерекше өзгерістерді көруге болады», – дейді Самар университетінің доценті Людмила Братченко.
Оның айтуынша, әдіс респираторлық ауруларды 92 пайыз дәлдікпен, ал СӨА мен бронхиалды астманы 61 пайыз дәлдікпен ажыратады.
Слндай-ақ ғалымдардың айтуынша, әдістің басты артықшылығы – жылдамдығы (30 минут ішінде нәтиже) және ауыр процедуралардың қажет еместігі.
«Бұл медициналық мекемелерге түсетін жүктемені азайтып, дәрігер жетіспейтін аймақтарда диагнозды жылдам қоюға мүмкіндік береді», – деді Братченко.
Қазір зерттеу тобы үлгі санын көбейтіп, қан арқылы ауруды одан да нақты анықтау жолдарын жетілдіруде. Зерттеуге Ресей мен Қытайдың медициналық университеттері мен зерттеу институттары қатысқан.